Қазақстанға жақын мемлекетте қызылша індеті өршіп тұр

Уақыты: 14.04.2025
Оқылды: 252
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Моңғолияда қызылшаға шалдыққандар саны 506 адамға жетті. Бұл туралы елдің Ұлттық жұқпалы ауруларды зерттеу орталығы жексенбі күні мәлімдеді. Соңғы тәулікте аурудың тағы 11 жаңа жағдайы тіркелген.

Ресми мәліметтерге қарағанда, жаңадан жұқтырғандардың басым бөлігі — мектеп жасындағы балалар. Олар бұған дейін қызылшаға қарсы тек бір ғана доза вакцина алғаны анықталған. Осыған байланысты дәрігерлер ата-аналарға балаларын екі реттік вакцинамен егуге кеңес беріп отыр.

Мамандар қызылшаның өте жұқпалы және ауыр асқынуларға әкелетін инфекциялық ауру екенін ескертеді. Аурудың белгілеріне қызба, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, тамақ ауруы және көздің шырышты қабығының қабынуы жатады.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, қызылшадан қорғанудың ең тиімді әрі жалғыз жолы — уақытында екпе алу.

 

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz