"БҰЛ ӘЛІ БАСЫ": ҚЫТАЙ ВИРУСЫ ӘЛЕМНІҢ 60 ПАЙЫЗЫНА ТАРАУЫ МҮМКІН

Уақыты: 15.02.2020
Оқылды: 1031
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

"Tengrinews.kz" сайтына "Уханннан шыққан "Covid-19" коронавирусы қарқынды тарауын тоқтатпаса, әлем халқының 60 пайызына жұғып, 45 миллионнан аса адамның өмірін қиюы мүмкін" деген ақпарат салынды. Мұндай қорқынышты мәлімдемені Гонконгтың бас эпидемиологы, профессор Габриэль Люн жасаған.

Таяуда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейус коронавирустың Қытайдан тыс жерде тарауына қатысты "бұл әлі басы" екенін айтқан еді. Ол барлық елде вирустың таралу ықтималдығына қарсы дайындалу үшін бар мүмкіндікті пайдалануға шақырды. 

Гонконг профессорының айтуынша, қазіргі басты мәселе - сол "мұзтаудың" өлшемі мен көлемін анықтау. "Әлем халқының 60 пайызы тым көп", - деп мәлімдеді Люн.

Коронавирустан өлім-жітім 1 пайыз болғанның өзінде, Габриэль Люннің айтуынша, бұл ондаған миллион адамның өмірі. Бүгінде жер бетінде 7,57 миллиард адам бар. Коронавирус кем дегенде 4,5 миллиард адамға жұғуы мүмкін, өлім-жітім 1 пайыз болғанның өзінде бұл 45 миллион адамның өмірін қияды деген сөз. Соңғы мәліметтер бойынша, коронавирусты әлемде 60 386 адам жұқтырған, 1370 адам қаза болған, 6 мыңға жуығы айыққан.

"Euronews" хабарына қарағанда, эпидемияның шарықтау шегінен адамзат әлі өтпеген. "Covid-19" тарау жағдайы алдағы уақытта тек өсім көрсетеді. Эпидемия басталған Уханда комендант сағаты жарияланған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"