"ПЕРЗЕНТТІК БОРЫШЫМ": ЖЕКЕ КӘСІПКЕР ЖАМБЫЛДЫҚТАРҒА ЕМХАНА САЛЫП БЕРДІ

Уақыты: 18.02.2020
Оқылды: 957
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ұзынағаш ауылында «DN Medicus Pharm» атты медициналық орталық іске қосылды. Жекеменшік емдеу орнының салтанатты ашылуына Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев қатысып, озық құрал-жабдықтармен жарақтанған мекеменің жұмысына сәттілік тіледі.

Жаңадан бой көтерген екі қабатты, еңселі де көлемді ғимаратты кәсіпкер жеке өз қаражатына тұрғызып, жабдықтады. Бірінші қабатында гемодиализ бөлімі, ал екінші қабатта нефрология бөлімі орна­ласқан. Мұнда бүгінгі таңда 20-дан астам адам жұмыс­пен қамтылғаны да құп­тарлық жайт.

– Болашақта жұмыс­шылар саны 50-ге жетеді деп жоспарлануда. Бүгінде ауданда 80-ге жуық адам созылмалы бүйрек ауруына шалдыққанын ескерсек, бұл емхана 200 науқасты қабылдауға қауқарлы, – деді  көпшілік алдында сөз алған аталған орталықтың бас директоры Арайлым Еркімбаева.

– Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген қанатты сөз бар. Туған еліме, оның тұрғындарына сапалы дәрігерлік қызмет ұсыну – мен үшін зор қуаныш. Дәл осындай медициналық орталықты Алматы мен Қаскелең қалаларынан ашқан едік. Үшінші мекемені өзімнің туған жерімде іске қосу бұйырды. Мақсатым – ел алдындағы перзенттік борышымды өтеп, халық денсаулығын нығайтуға атсалысу, – деген ақжарма тілегін жеткізді отандық инвестор.

Қуанышқа жиналған жұртшылық ғимарат ішін аралап, бұған дейін ауданда болмаған заманауи емхананың мүмкіндігімен танысты. Науқас қабылдауға арналған бөлмелерде барынша қажетті жағдайлар қарастырылып, шетелдік озық құрылғылармен жабдықталған. Емхананың жалпы құрылысы мен құрал-жабдықтарына 200 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Нефрологиялық көмек ауданға қарасты барлық 61 елді мекен тұрғындарына қолжетімді болады. Өйткені, бүгінде ауылдық жерлерде осындай орталыққа сұраныс жоғары.

Медициналық орталық әлемдік брендке айналған германиялық B.Braun Avitum компаниясының Dialog+, HDF-Online гемодиализдік аппараттарымен жабдықталған. Осы құрылғының көмегіне мұқтаж азаматтар енді гемодиализ қызметін алу үшін апта сайын Алматы қаласына шапқыламайтын болды. Мұнда, сондай-ақ, жоғары сапалы «Медиана-фильтр» су тазалау құрылғысы да орнатылған.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы