КОРОНАВИРУС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЭПИДЕМИЯҒА ҚАРСЫ ЖЕДЕЛ ЖОСПАР ӘЗІРЛЕНДІ

Уақыты: 07.03.2020
Оқылды: 2960
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемді алаңдатқан коронавирус инфекциясы біраз елге таралды. Көңілде алаң бар. Бірақ мың өліп, мың тірілген халқымызға жоламайтын шығар деген үмітіміз де зор. «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды» деген тәмсілге сүйенсек, асымыз адал ғой деп көңіл жұбатамыз. Жаратқанның да сақтансаң сақтайтынын ескерсек, сырқаттың алдын алу жайын да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Өңірде аталмыш кеселдің алдын алу барысында қандай шаралар жүргізіліп жатқанын білмек ниетте Алматы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қайрат БАЙМҰХАМБЕТОВПЕН сұхбат жүргіздік.

– Қайрат Қажыманұлы, облыста коронавирустың алдын алу барысында қандай шаралар жүргізілуде?

– Облыс аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар жоспары құрылды. Коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуы кезеңіне арналған профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың жедел жоспары әзірленді. Облыс орталығы Тал­дықорған қаласында және басқа барлық аудандарда коронавирустық инфекцияға күдік­ті науқас анықталған жағдайда не істеу керектігі бойынша ведомствоаралық оқу-жаттығу өткізілуде.

Бүгінде инфекциялық стационарлар сырқаттанушылық бола қалса, науқастарды қабылдауға дайын. Денсаулық сақтау министрлігімен әзірленген «Коронавирусты инфекциямен ауыратын науқастарды диагностикалау, ем жүргізу» алгоритмі барлық медициналық ұйымдарға таратылып, медициналық қызметкерлердің теориялық және өндірістік дайындығы қадағалануда.

Әлеуметтік желі­лерде, газеттерде мақалалар жарияланып, түрлі ұйымдарда жиналыстар өткізу арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Шегарадан келген-кеткендердің денсаулық жағдайларын нақтылай отырып, күнделікті мониторинг жүргізілуде.

Облыстың Қытай халқымен шегаралас Панфилов, Алакөл және Ұйғыр аудандарындағы санитарлық-карантиндік пункттерге мамандар жіберіліп, қорғаныш заттарымен қамтамасыз ету, автокөліктерді залалсыздандыру шаралары жүргізіліп, департамент тарапынан көмек көрсетілуде. Нәтижесінде, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, обаға қарсы күрес стансысының қызметкерлері 9 адамға көбейтілді. Департаменттің ұсынысымен 50 дана медициналық термометр, 25 дана қорғаныш костюм, 300 дана дезинфекциялық құрал берілді.

– Сырқатқа сипат бере кетсеңіз. Белгілері қандай?

– Коронавирус – жануарлар мен адамдар арасында таралған вирустардың ортақ ошағы. Инфекцияны жұқтырғандар коронавирусты пневмонияға шалдығады. Коронавирус алғаш рет 2019 жылы Қытайдың Ухань қаласында анықталды. Ухань қаласында сырқаттанғандардың көбі теңіз өнімдері мен жануарлар сатылатын үлкен базарға барған. Сондықтан, инфекция бастапқыда жабайы жануарлардан жұққан деген болжам бар. Коронавирустың негізгі белгілеріне жөтел, қызба, ентігу жатады. Сонымен қатар, тұмаурату, құсу, диарея сияқты белгілер де болуы мүмкін.

– Жұқпадан сақтану үшін қалай тамақтану, күтіну керек? Аста қай дәрумен көбірек болғаны жөн?

– Қандай да бір тамақтанудың түрі жұқпадан сақтайды деген ғылыми мәлімет жоқ. Алайда иммунды жүйені жақсы қалыпта ұстау, инфекцияға төтеп беру үшін дұрыс тамақтанған жөн. Ішкен асыңыздың құрамында ақуыз, май, көмірсулардың болуы тиіс. Яғни, бір түрлі тағам денсаулыққа қажетті қоректік заттардың барлығын бере алмайды. Кейбір тағамдар ағзаға күш-қуат береді.

Мәселен, бал, қарақұмық, геркулес, жүзім, май жақсы ойлануға, шаршамауға көмектеседі. Ірімшік, ет, жұмыртқа, жаңғақ ағзаның мықты болуына, сүйектердің жақсы дамуына көмектеседі. Ал жемістер мен көкөністер ағзаның инфекцияға төтеп беруіне қажетті дәрумендерге бай. Салауатты өмір салтын ұстап, теңгерімді тамақтанып, дене шынықтырумен айналысқан жөн.

– Көшеде медициналық бетпердені (маска) киіп жүру міндетті ме?

– Медициналық бетперде (маска) вирустың өзінен емес, науқас адам түшкіргенде немесе жөтелгенде пайда болатын тамшылардан қорғайды. Күнделікті жағдайда, әсіресе, көшеде сау адамға кию міндетті емес. Бетпердені адам көп шоғырланған, нашар желдетілетін жабық үй-жайларда немесе тұмау белгілері бар сырқаттармен қарым-қатынаста болған кезде киген жөн. Негізінде, бетпердені бірінші кезекте тұмау белгілері бар науқастың өзі кигені абзал.

Медициналық бетпердені пайдалану ережесі: медициналық бетперде ауыз, мұрын және иекті толығымен тұмшалап жабуы қажет. Мұрынның жоғары жағындағы пластинканы саусақпен басып, бекіту керек. Бетпердеде арнайы қатпарлар болған кезде, қатпарларды ашып, ыңғайлап киген дұрыс. Бір реттік бетперденің қызмет көрсету мерзімі 2-3 сағат қана. Пайдаланылғанын бірден қоқыс жәшігіне тастап, қолды сабындап мұқият жуған жөн.

– Тазалық сақтаудың ерек­шеліктеріне тоқталсаңыз?

– Қарапайым тазалық ережелерін ұстанып, алдын алу бойынша келесі әрекеттерді орындауға кеңес беремін:

Көше немесе қоғамдық орыннан келгеннен кейін қолды, мұрын қуысын сабынмен мұқият жуыңыз. Қолды дезинфекциялау құралдарын қолданыңыз. Көз, мұрын, бетіңізге қолыңызды тигізбеуге тырысыңыз. Жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен жабыңыз. Майлық болмаған жағдайда ауыз, мұрныңызды шынтақпен жауып, түшкіріңіз немесе жөтеліңіз.

Сырқат белгісі бар адамдармен қарым-қатынас жасамаңыз. Үй-жайда ылғалды тазалау жұмыстарын жасаңыз. Бөлменің ауасын жиі желдетіп тұрыңыз. Көпшілік жиналған жерлерге бармауға тырысыңыз. Мүмкіндігінше, Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Иран, Жапония, Франция, Германия, Испания, Сингапур және басқа да елдерге (Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес) жолсапарды эпидемиялық жағдай жақсарғанға дейін кейінге қалдыруға кеңес беремін.

Қытай және тағы басқа шетелден келген кезде респираторлық ауру белгілері пайда болған жағдайда қоңырау шалу арқылы медициналық көмекке жүгініңіз. Сондай-ақ, дәрігерге инфекция таралған аумақта болғандығыңыз туралы хабар беріңіз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен - Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы