АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТӘУЛІГІНЕ 136 МЫҢ БЕТПЕРДЕ ТІГІЛЕДІ

Уақыты: 02.04.2020
Оқылды: 1010
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Халықты медициналық бетпердемен қамтамасыз ету - күн тәртібіндегі бірінші міндет. Осыған орай, қазір Іле ауданындағы «Dolce farm» компаниясы тәулігіне 70 мың бетперде шығарып отыр. Оған қоса бұл іске ұсақ кәсіпорындар, білім мекемелері, еріктілер тартылып, олар бетперделерді халыққа тегін үлестіруде. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Президент мәлімдесінде айтылған тапсырмаларды өңірде орындау туралы Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ селекторлық жиын өткізді.

Мысалы, тек бір ғана Қаратал ауданының өзінде шағын бизнес өкілдері, білім мекемелері мен еріктілер өз күштерімен тәулігіне 3 мыңдай көп рет пайдаланатын бетперде тігіп отыр. Бұл жұмыс Іле ауданында да жолға қойылған, онда бір тәулікте 20 мың бетперде дайындалуда. Ал Талдықорғанда жекеменшік дәріхананың басшысы 5 мың бетпердені халыққа тегін таратты. Еңбекшіқазақ, Панфилов аудандарының бұл бағыттағы жұмысын облыс әкімі сынға алды. Бұл өңірлерде шығарылып жатқан бетперденің саны бүгінгі күнге жеткіліксіз, көбейтуді қажет етеді.

Облыс басшысы бетперде тігуге шағын бизнес нысандарына мемлекеттік тапсырыс беру жолын ойластыруды қарастырып, жеке гигиеналық құралдармен тұрғындарды жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мәселесін одан әрі ширатуды тапсырды. Атап өтсек, жалпы Алматы облысында тәулігіне әзірге 136 мың бетперде шығарылуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"