Өмірдегі көңіл-күйді түсіретін немесе күйзелтетін кез келген жағдай жүрекке зардабын тигізеді. Ойламаған жерден қуанышты хабар есту де жүректің қалыптан тыс жиі соғуына әкеліп соғады. Сондықтан, кез келген жағдайда сабырлылық танытып, қан айналымын бұзбай, жүрек ырғағының қалыпты болуын назардан шығармаған жөн. Жүрек күшті болса, ағзаның басқа мүшесін емдеу де нәтижелі. Адам оқыстан жазым болып, ес-түстен айырылған жағдайда да дәрігерлер жүректің күшіне иек артады. Оны: «жүрегі мықты болса сырқатқа жеңілмейді», – деген сөз тіркестері арқылы естіп жатамыз. «Адам денесінде бір кесек ет бар, егер ол сау болса барлық денең сау болғаны. Егер ауру болса барлық денең ауырғаны. Біліп койыңыз, ол – жүрек» деген қанатты қағида бар. Жүрек – ағзадағы қан айналым жүйесін реттеуші. Қан – дененің әр мүшесін бір-бірімен байланыстырушы. Денені оттегімен қоректендіруші. Яғни, өмірдің нәрі. Ендеше, нәрден айырылмау үшін жүректі әлдендіріп тұру керек. Оқырманға денсаулықты сақтау барысында мол мағлұмат беру мақсатында ашылған «Жүз жасаңыз!» айдарының кезекті санын жүрек талмасының алдын алуға арнамақпыз. Бұл орайда облыстың бас кардиологы Рахымберді Сұлтанбековке жолығып, қауіпті ауру туралы сұрап, білген едік.
– Рахымберді Төрегелдіұлы, тақырып кардиологиялық сырқаттың алдын алу барысында өрбитіндіктен алдымен жүрек және оның қызметі бұзылғанда орын алатын кеселдерге тоқталсаңыз.
– Жүрек – қан таратушы. Ол күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істейді. Сондықтан оны үнемі шынықтырып тұру керек. Жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының басты себебі, қан қысымының көтерілуі. Ұзақ уақытқа созылған қан қысымының көтерілуі көптеген органдарға, әcipece жүрекке, миға, бүйрекке, көзге әсер етеді. Сондай-ақ, қатты ашуланғанда тамыр тарылып, қанның ұю қаупі туады. Содан барып адамның қан қысымы көтеріліп, тамырдың бір жеріне қан ұйып, кішкентай түйіршік (тромб) пайда болады. Ұйыған қанның түйіршігі, қан ағысымен тамырларды аралап жылжи береді. Егер тамыр тарылып, жіңішкеріп кетсе, онда қан түйіршігі бір жерге барып кептеліп, осы маңдағы тін қоректенбей қалады. Ұйыған қан түйіршігі жүрекке кептелсе адам – инфаркт, ал ми қан тамырына кептелсе – инсульт алады. Анда-санда ағзаны ашықтырып тұру керек. Ашығу – қанның ұюын төмендетеді. Адам кенеттен ашуланған жағдайда қоюланбаған қан оңайлықпен ұйымайды. Яғни, сақтанудың арқасында түйіршіктенудің алдын аласыз.
Жүрек-қантамыры ауруының тағы екі себебі бар. Біріншісі –тұқым қуалаушылық салдарынан туындайды. Мұндай жағдай әсіресе ерлерде көп болады. Екінші себеп, денсаулықты дұрыс күтіп-баптамау және зиянды әдеттерге бой алдыру. Мысалы, тұзды, майлы тамақты көп тұтынғандықтан қан құрамында холестерин мен триглицериннің шамадан тыс көбейіп, қан айналымын тежеуі. Темекі шегу, қозғалыссыз өмір сүру салты, семіздік, күйзеліс, қант диабеті сырқаты сияқты кеселдің барлығы жүрек қызметін бұзады.
– Елімізде кардиологиялық аурулар өте қауіпті сырқаттардың үштігіне кіретіні белгілі. Сондықтан сырқаттың алдын алуға барынша көңіл бөлу керек. Егер адам жүрегінде кілтипан бар екенін байқаса бірден сіздерге барып, дәрігердің кеңесіне жүгіне ала ма?
– Облыстық кардиологиялық орталыққа келіп қаралу үшін ауылдық, қалалық емханалардың учаскелік дәрігерлері жолдама береді. Егер, ондай жолдама болмаған жағдайда ақылы түрде тексерілуге болады. Екі кабинетте кардиолог дәрігерлер кеңес береді. Кеңес алу құны 1200 теңге көлемінде. Тексерілуге келерде ультрадыбыстық диагностикадан өту керек. Ондай тексерілу өзімізде де жүргізіледі. Ультрадыбыстық диагностика жасау 3600 теңге тұрады. Сондай-ақ, біздің орталықта ақылы түрде стационарлық ем алуға болады. Жатып емделу құны тәулігіне 9-10 мың теңге мөлшерінде. Онда анестезиолог, реаниматолог, кардиохирург, кардиолог, терапевт және невропотолог маманның көмегі көрсетіледі. Ал жолдамамен немесе портал арқылы кезекке жазылушыларға дәрігерлік көмек тегін. Сырқат ауыр жағдайда болса немесе жедел жәрдеммен жеткізілсе ота кезексіз жасалады. Кардиохирургиялық ота жоғары маманданған медициналық көмектің құрамына кіреді. Жүрекке жасалатын барлық ота облыс халқына тегін. Өткен жылы 1663 адамға коронарлы, 614 науқастың жүрегіне стент қойылып, 243 сырқатқа ашық ота жасалды.
– Рахымберді Төрегелдіұлы, оқырмандарымызға жүрек талмасының белгілері қандай екенінен хабар бере кетсеңіз? Үйде инфаркт алған адамға дәрігер келгенше қандай көмек көрсетуге болады?
– Кез келген адам ештеңе мазаламаса да үнемі тексеруден өтіп, алдын алу шараларын жасап тұрғаны абзал. Себебі, алдын ала тексерістер кезінде жүрек-қантамыры ауруларының белгілері бар ма жоқ па, холестерин мөлшері қандай, артық салмақ белгілері бар ма соны анықтауға болады. Егер болмашы немесе ауыр физикалық күш түскен кезде жүрек жылдам соғып, тез шаршап қалу немесе жүрек тұсында ауырсыну байқалса, онда міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Стенокардияны ерте мезгілде анықтау мақсатында велоэргометрия, тредмил тестін жасатуға болады. Жүрек тұсында ауырсыну байқалған жағдайда басты биігірек көтеріп, төсекке жатқызып, терең тыныс алдырту қажет. Нитроглицериннің бір талын тілдің астына салып қойған жөн. Егер ауырсыну 5 минуттан артық уақытқа созылса, нитроглицериннің тағы бір талын немесе 60 тамшы корвалол (валокордин) ішу қажет. Ауырсынуды жеңілдету үшін кеудеге қыша қағаз, аяққа жылытқыш басып, қолды жылыту әрекеттерін жасау керек. Ішетін тағам дәруменге бай, бірақ құнары өте жоғары болмауы тиіс. Миокард инфарктысын алған адам күш түсетін, жүйкені шаршататын жұмыс істемегені жөн. Оларға түнгі кезекте, ыстық цехтарда істеуге болмайды. Жүректің сыздауы 10 минуттан артық сақталса жедел жәрдем шақыртқан дұрыс. Егер адам алқынып, қиналатын болса, салмағын азайту керек. Әр адам өз салмағын тұрақты түрде қадағалап отыруы тиіс. Мысалы, бойы 170 см. болса, салмағы 70-75 киле айналасында болуы шарт. Дене салмағын азайтудың арқасында ЖҚТ ауруларын 25 пайызға кемітуге болады.
– Жүрек сырқатынан сақтану барысында айтқан кеңестеріңізге оқырмандарымыздың атынан алғыс айтамыз. Жүз жасаңыз!
Тақырыпқа орай:
Алманың құрамындағы қоректік заттар ағзадағы кеселді жоюға күш салады. Бақшалық өнімнің құрамында әртүрлі органикалық қосылыстар бар. Ол ішекте жиналған қоқысты тазалайды. Қандағы холестеринді төмендетеді. Алма өзінің «міндетіне» жүректі қорғау және әртүрлі аурулардан сақтандыруды алған. Күніне бір тал алма жесеңіз, сергек те жеңіл жүресіз.
Кепкен өріктің құрамында көп мөлшерде магний, кальций, калии, темір, В5 дәрумені және органикалық қышқылдар кездеседі. Ол сіздің ағзаңыздағы ауыр металдардың сыртқа шығуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жүректің қағуы, анемия, көз ауруларын қалыпты жағдайға түсіреді. Өрік – иммунитетті жоғарылатады. Қатерлі ісіктің алдын алып, қан айналымын қалыпқа келтіреді. Өрік – тері, тырнақ, шашты қатайтуға әсер ететін жеміс.
Жалбыз қосылған шайды жүрек шаншығанда, тамақтан уланғанда, асқазан, бауыр ауырғанда қайнатып ішкен дұрыс. Емдік шөп жүйке жүйесі бұзылғандарға өте пайдалы. Қазақта: «Жалбызды жерде жан қалады, ерменді жерде ер өлмейді», – деген сөз бар. Су жағасында, тұманың бойында өсетін мұндай шөпті бас айналғанда, ашуланғанда ішсе қан айналым қалыпқа түсіп, көңіл-күй орнығады.
Гүлжан Тұрсын