ШЕЛЕК АУЫЛЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА ҚАЙТА ЖӨНДЕЛДІ

Уақыты: 06.04.2020
Оқылды: 1876
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Шелек ауылындағы көпсалалы аурухана күрделі жөндеуден өтті. Бұл жағымды жаңалыққа округ тұрғындары дән риза болды. Енді олар Есік қаласына (аудан орталығы) сабылмай, қажетті ем-домды осы жерден қабылдай алады.

Аталған аурухананың күрделі жөндеу көрмегеніне жарты ғасырға жуықтаған еді. Ғимараттың іші де, сырты да әбден тозуға айналған. Сондықтан, бұл мәселе жергілікті биліктің назарынан тыс қалмады. Нәтижесінде, осыдан екі жыл бұрын аурухана ғимаратын қайта жөндеу жұмыстары жобаланып, қолға алынған болатын.

Оған республикалық бюджеттен 484 миллион теңге бөлінсе, биылғы жылы облыстық бюджеттен қосымша тағы 196 миллион теңге қарастырылды. Соның арқасында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, белгіленген мерзім ішінде пайдалануға берілді. Ең бастысы, ауруханадағы жағдай санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы ескі ғимарат адам танымастай болып өзгеріп шыға келді.

180 төсектік аурухана кешеніндегі дәрігерлік қызмет бүгінгі күннің талаптарына толықтай жауап береді. Онда 555 маман жұмыс істейді. Оның 73-і жоғары санаттағы дәрігер, 269-ы орта медициналық мамандар. Бұл жердегі емханада тәулігіне 310 адамды медициналық тексеруден өткізетін мүмкіндік бар.

Көпсалалы ауруханада хирургия, жан сақтау бөлімі, терапия, балалар және аналар босанатын бөлімдер жасақталған. Сонымен қатар, ота жасайтын арнаулы екі залды да айтып өтуге тиістіміз.

Жан сақтау бөлімі өкпені жасанды тыныс алдыратын (ИВЛ) аппаратпен, монитормен, пульсокисметр және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Арнайы ультра дыбысты зерттеу (УЗИ), рентген, маммография кабинеттері де ауру белгілерін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Аурухана аумағында 30 төсекке арналған инфекциялық бөлім жұмыс істеп тұр. Коронавирус індетіне байланысты емхана ішінде арнайы провизорлық стационар ашылды.

Аурухананың қайта жөнделгенін Шелек өңірінің жұртшылығы халық денсаулығын жақсартуға арналған игі шара ретінде жоғары бағалап отыр.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы