"ДӘРІГЕРЛЕР ҮЙ КӨРМЕЙ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ": БАУЫРЖАН ЫСҚАҚПЕН СҰХБАТ

Уақыты: 18.06.2020
Оқылды: 1690
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Шынымен жан қысылса Құдай дейміз. Ал жаныңның аман қалуына дәрігер себепші болып жатады. Сондықтан, тән мен жан ауырса бірден «Жедел жәрдем» шақырып немесе медицина мекемесін бетке аламыз. Мекеме есігін ашысымен үміт оты тұтанады. Ет пен сүйектен жаралған соң мұндай жағдай қай-қайсымыздың да басымыздан өтіп жататыны шындық. Сол ақ жүректі абзал жандардың жылына бір айналып келетін мерекесі жақындап қалыпты. Биыл денсаулық сақшылары үшін өте жауапы жыл болды. Коронавирус жұқпасы пайда болғалы дәрігерлер үй көрмей, елдің амандығы үшін еңбек етуде. Соның арқасында жұқпалы індеттің алдын алып келеміз. Елде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. 21 маусым - Медицина қызметкерлері күніне орай, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан ЫСҚАҚПЕН сұхбаттасып, көкейдегі сауалдарымызды қойған едік.

– Бауыржан Ербозымұлы, өзіңіз бастаған облыстағы барлық медицина мамандарын төл мерекемен құттықтаймыз! Мерейлі мерекедегі сұхбатымызды жағымды жаңалықтардан бастасақ. Адамның жаны мен тәнін емдеу барысындағы жаңашылдықтармен бөліссеңіз.

– Облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен қазіргі заманғы жоғары технологиялық медициналық 1 075 жабдық бірлік және жалпы 15 млрд.теңгеге 138 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынды. Атап айтсақ, үш компьютерлік томограф, «С-дуга» типті екі рентгенологиялық аппарат»; ЖИТС орталығы үшін зертханалық жабдық, цифрлаушы рентгенодиагностикалық кешен және инсульт орталықтары үшін медициналық құрал жиынтығы сатып алынды. Сонымен қатар, медициналық мекемелер жаңа туған нәрестелерге арналған СИПАП, шала туған шақалақтарға инкубатор, сараптау класының УДЗ жүйесі және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етілді.

Ал 2022 жылға дейін 16,1 млрд.теңгеге 347 бірлік медициналық құрал-жабдық сатып алу және медициналық ұйымдардың БМСК деңгейінде және стационарлар да жабдықтармен қамтамасыз етілуін 100 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.

Мысалы, стационарлық және жылжымалы флюорограф, с-дуга сараптамалық класының аппараты, сандық маммограф, бейнеэндоскопиялық кешен, рентгенодиагностикалық қондырғы, қандағы газды анықтауға арналған аппарат және КЩС, өкпені жасанды желдету аппараты, наркоз-тыныс алу аппараты, көлік инкубаторы, жалпы хирургия үшін құрал-саймандары бар лапароскопиялық тірек және тағы да басқа керек-жарақ сатып алынады.

– Қым-қуыт тірлікке шыдай алмағандықтан ба, жоқ басқа себептері бар ма, бүгінгі таңда ми қан тамырларының жарылып кету жағдайы жиі тіркелуде. Дәрігерлер сырқатқа шалдығушылардың жасы жасарып бара жатыр деп дабыл қағуда. Инсультке шалдыққандарды емдеу барысына тоқталсаңыз?

– Жеті инсульт орталығы ашылды. Жетеуіне де кеселге шалдыққандарды тексеруге арналған компьютерлік томограф аппараты сатып алынды. Орталықтарда 150-ден астам нейрохирургиялық ота жасалды. Статистикаға сүйенсек, өлім-жітім себептерінің ішінде қан айналым жүйесінің аурулары бірінші орынға шықты. Уақыт өткен сайын қауіп ұлғаюда.

Жедел миокард инфарктісінен болатын өлім-жітімді азайту үшін облыстық кардиология орталығында теріасты арқылы емдеу орталығы ашылды. Қазір кардиологиялық орталықта жүрекке ашық, жүре пайда болатын жүрек ақауын жою, жүрекке электрокардиостимулятор орнату секілді көптеген ота сәтті жасалуда.

– Жалпы облыстағы дәрігерлік амбулатория және аудандық ауруханаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлы түрде іске асып келе жатқанын білеміз. Биыл қандай мекемелерді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр?

– Талдықорғандағы қалалық көпбейінді аурухана мен Алакөл ауданы Ақши ауылындағы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 13 медициналық ұйым (8 301 млн.теңге) күрделі жөндеуден өтті.

Үш жыл бұрын Қарасай аудандық орталық ауруханаға қарасты жеті дәрігерлік амбулатория, сегіз фельдшерлік-акушерлік пункт және патологиялық-анатомиялық бөлімше жаңаланып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Текелі қалалық ауруханасының ас дайындайтын блогы, дезкамера мен кір жуу орнының құрылысы аяқталды. Жаңа құрылыс нысандары бой көтеріп, 2018 жылы облыста 15 нысан салынды.

Талдықорған қаласында наркологиялық диспансер, неонаталдық хирургия орталығы, алты дәрігерлік амбулатория, алты фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт көпшіліктің игілігіне берілді. Бес нысанды күрделі жөндеуге 927,8 млн.теңге бөлінді. Оның ішінде төрт нысан бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды.

Жыл сайын ескірген, жарамсыз нысандар пайдаланудан шығарылып, жаңаланды. Мысалы, 2019 жылы 11 нысан салу жоспарланған еді. Нәтижесінде, тоғыз дәрігерлік амбулатория, бір ауысымда 250 адам қабылдайтын екі емхана, Сарқан ауданының орталық аудандық ауруханасы мен Шелек ауылындағы аурухана жаңаға көшірілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ескелді және Көксу аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Биыл жалпы құны – 3,8 млрд.теңгеге 14 нысанның құрылысы жүргізілмекші. Сонымен қатар, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын әйелдер кеңесі, 100 орынды перзентхана, он дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт салынады. Мысалы, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2020 жылдың екінші жарты жылдығында Панфилов ауданы, Пенжім ауылында бір ауысымда 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы басталады. Оның құрылысына облыстық мәслихаттан қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге конкурс өткізілуде. Алдағы уақытта 1,9 млрд. теңгеге бес медициналық нысан жөндеу жоспарланды.

– Облыста медицина мамандары жеткіліксіздігі байқалады. Өңірге жас мамандар келу жайы қалай?

– Жалпы облыстағы медициналық мекемелерде 4 756 дәрігер және 14 961 медбике жұмыс істейді. 2019 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға 173 жас маман келді, оның ішінде ауылдық жерге 97 маман жұмысқа орналасты. Былтыр жергілікті бюджеттен резидентурадағы мамандардың оқуын төлеу үшін 18 млн.теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыс әкімінің гранты бойынша еліміздің медициналық жоғары оқу орындарының 2-3 курсында 26 тәлімгер білім алуда. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін жергілікті бюджеттен 211,5 млн.теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 1000 дәрігер ұлттық балалар хирургиясы және педиатрия орталығы, кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық акушерлік, гинекология және перинаталогия орталығында білімін жетілдіру курсынан өтті. Денсаулық сақтау басқармасының атынан билікке шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жіберілетін дәрігерлер үшін 1 млн.теңге көлемінде үстемақы беру туралы ұсыныс жасалды. Жәрдемақы өткен жылдан төлене бастады. Жас мамандарды жұмысқа тарту үшін әлеуметтік жағдайы жасалуы тиіс. Осы мақсатта биыл облысқа келетін жас мамандарға 126 пәтер бөлінді.

– Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Демографияны өсіру үшін жас жұбайлардың денсаулығы тексеруге алынуы тиіс. Мысалы, отбасын жоспарлау аясында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Жас ұрпақтың денсаулығына және жастар арасындағы аурулардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Облыста 15 «Жастар денсаулығы» орталығы жұмыс істейді. Онда жасөспірімдер мен қыздар репродуктивті денсаулық, отбасын жоспарлау, аборт пен ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері бойынша ақпарат ала алады. Осы уақытқа дейін 7 мыңнан астам адам маман кеңесіне жүгінді. Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір маңызды көрсеткіштерінің бірі 15-17 жас аралығындағы балалар арасында суицидті болдырмау. Бұл орайда кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Облыста 2017 жылдан бастап кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бағдарламасы іске асырылуда. Ол үшін мультидисциплинарлық командалар құрылды. Бұл командалар білім беру ұйымдарының психологтары, жалпы практика дәрігерлері және жалпы білім беретін мектептерге бекітілген психиатрларды қамтиды. Өз-өзіне қол жұмсау және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша үш сараптамалық топ құрылып, жоспар әзірленді. Сонымен қатар, мектеп оқушылары арасында күйзеліске берілмеу үшін сынақ-тест өткізіледі.

– Коронавирус инфекциясы әлемде тарала бастағаннан бастап, Қазақстандағы барлық медициналық мекемелер алдын алу жұмыстарын бастап кетті. Соның ішінде біздің облыста алдын алу шараларын күшейтті. Атқарылған, алда атқарылатын шараларға тоқталып өтсеңіз.

– Облыс аумағында коронавирустық инфекция диагнозы бар пациенттерді емдеу үшін 200 инфекциялық төсек дайындалды. Тағы да 1095 провизорлық және 1250 карантиндік (обсервация) төсек қойылды. Қажет болған жағдайда төсек санын арттыру қолға алынбақ. Сонымен қатар, 202 реанимациялық төсек бар, оның ішінде коронавирустық инфекцияға күдікті және расталған адамдар үшін 66 төсек дайындалды.

Ауруханаларға өкпені жасанды желдететін 200 аппарат қойылған. Оның 60-сы балалар, 140 данасы ересектерге арналған. Инфекциямен күресуге амбулаториялық және стационарлық деңгейде 754 дәрігер жұмылдырылды. Жұқпалы дерт қауіп төндіріп тұрғанда зертханалардың кеселді анықтайтын мүмкіншілігі жоғары болуы тиіс. Қазіргі таңда облыста 6 зертхана жұмыс істейді. Онда тәулігіне 2 мың зертханалық зерттеу жүргізіледі.

Жалпы облыста денсаулық сақтау саласының жұмысы әрқашан жетілдіріліп, қызмет көрсету бақылауда ұсталады. «Аурудың емі – саудың сәлемі» демекші, медицина мамандарының ем алушылардың жан дүниесін түсіне, ішкі әлеміне үңіле жұмыс істеуі басшылыққа алынады. Біз үшін сырқатымыздың жазылып шығып, жақындарымен қауышыуын көргеннен асқан бақыт жоқ.

– Сырқаттың жазылғанын көріп, шаттанған күндеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан - Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы