"ЖӨТЕЛ ҚЫСҚАН": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ ТАҒЫ ДА ӨСТІ

Уақыты: 19.06.2020
Оқылды: 1241
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында вирус жұқтырғандар саны азаяр емес. Атап айтқанда, вирус жұқтырған 7 адам – Талдықорған қаласынан, 2 адам - Қаратал, 1 адам - Алакөл және 1 адам Іле аудандарынан анықталған.

Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі мәлімдеді.

Науқастардың ішінде 1963, 1969 жылғы әйел адамдар және 1975, 1971, 1969, 1976, 1958, 1963, 1969, 1961, 1982 жылғы ер адамдар дене қызуының 38,5 градус көрсеткішке дейін көтерілуіне, әлсіздікке, тамақ ауруына, құрғақ жөтелге шағымданған. Барлық науқастар эпидемиологиялық тестілеуден өтіп, ЖРВИ және пневмония диагнозымен жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастар оқшауланып, байланыста болған адамдар карантинге алынды. Эпидемиологиялық тергеу жұмыстары қолға алынған.

Өкінішке қарай, 17 маусым күні де Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 жағдай тіркелді. Олар - Талдықорған, Қапшағай қалаларының, Қарасай, Іле, Ескелді аудандарының тұрғындары.

19 маусым, сағат 6:00-дегі жағдай бойынша Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 545 адам тіркелген, олардың ішінде, 363-і жазылып шыққан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"