ВИЦЕ-МИНИСТР: "КОРОНАВИРУСТАН ЕМДЕУ ӘДІСІНЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ"

Уақыты: 01.07.2020
Оқылды: 1378
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирус инфекциясын диагностикалау және емдеу клиникалық хаттамасына толықтырулар енгізілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова "Facebook" парақшасында жазды.

- COVID-19-ды диагностикалау және емдеу клиникалық хаттамасының 10-ншы редакциясына коронавирус инфекциясын емдеуде айтарлықтай толықтырулар енгізілді. COVID-19 кезінде бактерияға қарсы терапияны бактериялық инфекция қосылған жағдайда ғана қолдануға баса назар аударылды. COVID-19 кезінде өкпенің вируспен зақымдануы эмпирикалық бактерияға қарсы терапияны бастау үшін көрсеткіш бола алмайды, - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, хаттаманы әзірлеушілер COVID-19-дың ауырлық деңгейі орташа науқастарға вирусқа қарсы препараттарды стационарға жатқызғанға дейін амбулаторлық жағдайда қолдану ұсынысын құптаған. Бұл үшін хаттамаға амбулаторлық кезеңде емдеу сызбасы қосылып отыр: гидроксихлорохин және лопинавир/ритонавир.

- Бұған қоса, ендігі уақытта пациенттер стационар деңгейінде Жапония мен Ресейде COVID- 19-ды емдеуде кеңінен қолданылған Фавипиравир дәрісін ала алады. Пневмонияның ауыр түрінде терапия дексаметазон препаратымен толықтырылды, - деді Людмила Бюрабекова.

Вице-министрдің атап өтуінше, сондай-ақ, пациенттің дене қызуы 3 тәуліктен астам уақыт болмаса, респираторлық симптомдар азайса, ренгендік компюьтерлік томография барысында өкпеде оң динамика байқалса және басқа да оң өзгерістер кезінде науқас амбулаторлық емдеуге ауыстырылады. Аурудың орташа және ауыр түрін бастан кешірген реконвалесценттер стационардан жазылып шыққаннан кейін медициналық бақылау үй жағдайында жалғасатын болады. Бақылау уақыты реконвалесценттің жалпы жағдайына байланысты дербес анықталады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан