ДӘРІГЕРДІҢ ӘЛІ КЕЛЕТІН ШАМАДАН ШЫҒЫП КЕТТІК

Уақыты: 03.07.2020
Оқылды: 1359
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елге танымал журналист Алмас Алтай "Facebook" әлеуметтік желісінде етек жайған індетке байланысты жазба қалдырды. Онда ол кейінгі уақытта қазаның көбейгенін, қазақты не құтқарып, не құтқармайтынын жазған. Жазбаның толық мәтіні төмендегідей.

Өлім. Барынша зәрлі, суық сөз ғой. Күнде естіп етіміз өле бастады. Ел жақтан небір азаматтардың, ағалардың, көзкөргендердің жаманаты жетіп жатыр. Бүгіннің өзінде екі жақсы ағадан айырылыппыз: Қалпақ Наурызмағамбетов, Жалғас Кеңесов ағалар енді жоқ. Сырттай бет сипайсың отырып, басқа қайран жоқ. Ауыл жақта әлі беташар, әлі жиналып сірнеге шығу, әлі бір отырыс жасай қою белең ап тұрған көрінеді. Қарттарды аяймын. Өзімнің де кәрі шешеме "үйден шықпашы, бір құрсақтан шыққан туғаның өлсе де Алланың ісі, сен барғаннан тірілмейді, үйде отыршы" дедім.

Жұрттың бәрінің көзі жеткен шығар, Үкімет жеңілді. Көктемгі бір майданды жеңгенімен, бүкіл соғыста ұтылды. Дәрі жоқ, дәрігер басымен қайғы, өзі ауырып, ауруханадан орын табу үмітсіз іс.

Не құтқарады?

Үйден шықпау;
Қонаққа бармау;
Үйге ешкімді келтірмеу;

Өз жаныңа қауіп төндіретін барлық нәрседен тиылу керек. Президент карантин жариялар, я жарияламас: алайда, жаның өзіңе керек. Тірі болғаның қатын, бала-шағаңа керек. Енді Қазақты дәрігер құтқармайды, ол шектен асып кеттік. Дәрігердің әлі келетін шамадан шығып кеттік.

Вирус ойына келгенін жасап, алам деген жанын алып жатыр. Тайраңдатып қойған өзіміз. Енді нені күтеміз? Болды ғой, жатайық үйде...

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"
Сурет ғаламтордан алынды