КОРОНАВИРУС: ДӘРІ-ДӘРМЕК ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАШАН ЖОЙЫЛАДЫ?

Уақыты: 10.07.2020
Оқылды: 1809
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Аты жаман індет алқымға жармасып, талай жанды арамыздан алып кетіп жатыр. Әлеуметтік желіні ашып қарасаң, қаралы хабардан көз сүрінеді. Айдың, күннің аманында басқа түскен қиындық халықты қажытты. Бойын үрей билеген жұрт сырқаттанып қалған жағдайда ем-домды өз беттерінше жасап әлек. Ақпараттың, ақыл-кеңестің көптігі сонша, қайсысын іске асырарын білмей дал. Одан қалса дәріханаға ағылып, дәрі-дәрмекті қос-қостап сатып алуда. Соның салдарынан дәрі тапшылығы сезіліп, оны заңсыз сату, бағасын қымбаттату секілді деректер күрт көбейді.

Енді мына қызыққа қараңыз, барлық аймақтарда үш айға жететін антибиотик қоры бір аптада, бір айлық қор екі-үш күнде сатылып кеткен. Осындай олқылықты болдырмау үшін қазір үкімет сертификаттау мәселесін қолға алып, арнайы маниторинг жүргізіп отыр.

Ел ең көп іздейтін дәрілер: аспирин, парацетамол, цитрамон және қызуөлшегіш. Біз де дәл керектілердің бар-жоғын анықтау үшін апта басында Талдықорған қаласының 20-ға жуық дәріханасын аралап шықтық. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол, аталған дәрінің ешқайсысы жер жұтып қойғандай жоқ. «Неге жоқ?», «Қашан келеді?» деген сұрағымызға барлық сатушының берер жауабы бір. Иығын қиқаң еткізеді немесе «білмейміз, фирмада жоқ» деп кезектегі келесі кісіге «не керек?» дегендей бетіне үңіледі.

Тек бір сатушы ғана қызуөлшегіштің жоқтығына «Енді, Қытай жабық тұр ғой, қашан болатынын біз білмейміз» дегенді айтты. Айналға көз салсақ, көпшілігі біз секілді жоғын іздеп, кезек-кезек дәріхана есігіне еніп жүр. Кейбіреуінде кезектің көптігі сонша, адамдар есіктің сыртында тұр.

Сонша уақыт бойы күткен еңбегі еш кетіп, тауы шағылған кісіше басқасына бет алады. Әзер дегенде кеш батып, адамдар ұйқыға жатар шақта барып, шамамен он бесінші дәріханадан цитрамонды таптық. Қалғандары сол күйінше жоқ. Алайда кейбір сатушы дәл осы дәрі-дәрмек емес, оның орнын алмастыратын басқа дәрі ұсынып жатты. Мысалы, парацетамолдың орнына ибупрофен секілді.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз отырысында «Ингаверин», «Суммамед», «Дексаметазин» ЖРВИ мен COVID-19 ауыр науқастарды стационарларда емдеуге арналған дәрілерді қымбат бағада сату дерегі анықталғанын мәлімдеді. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласында 689 тапшы препараттарды 1 млн. теңгеге сатқан алыпсатарлар ұсталды. Шымкент тұрғынының жазғы асүйінде 229 дәрі-дәрмектің 10,5 мың қаптамасы табылды. Жетісайдағы дәріханада 336 бірлік "Цеф III" сатылған. Тіпті, бьюти-индустрия өкілдері де жерлестердің денсаулығынан ақша табуға бел буыпты. Атырау косметологиялық клиникасында қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер ресми бағалаушылардан 3,5 және 10 есе қымбат сатқан. 5 мыңнан астам орам сонда сақталған. Дәрі-дәрмектерді заңсыз сату фактілері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында анықталған. 6 шілде күні полицияға 46 адам жеткізіліп, олардан 20 884 дәрілік зат тәркіленген.

– Баға мониторингі кезінде бізге дәрі-дәрмектерді, маскаларды және басқа да аса зәру медициналық бұйымдар мен препараттарды әлеуметтік желілерде алыпсатарлықтың жолын кесуде құқық қорғау органдары жақсы көмектесіп жатыр. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар да белсенді көмек көрсетуде, – деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Аталған мәселелерді ретке келтіріп, аурудың таралуын тоқтату үшін күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телевизиялық үндеу жариялады. Онда ол: «Дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де  толығымен қамтамасыз етіледі», – деді. Жақынынан айырып, қабырғасы қайысып отырғандарға Қасым-Жомарт Кемелұлы:

 Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын, – деп коронавируспен күресті жалғастыра беретінімізді айтты. Сонымен қатар, бұл індетті адамзат жақын арада жеңе қоймайтынын жеткізіп, салмақты, сабырлы болуға шақырды.

Әр жерде шыққан саңырауқұлақша дәріні заңсыз сату дерегі Алматы облысында да тіркелген. Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері заңсыз дәрі-дәрмек сатқан 63 жастағы зейнеткерді ұстады. Ол Кербұлақ ауданы Алтынемел ауылындағы жеке үйінде «дәріхана» ашып алған. Тексеру кезінде әйелдің лицензиясы мен рұқсат құжаттары болмаған.

Дәл осы сынды заңбұзушылықтар облыс орталығында да орын алып, алмағанын білу үшін «Дәрі қашан келді? Бағасын кім бақылайды?» деген сұрақпен бірнеше мекемеге хабарластық. Алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасына қоңырау шалдық. Дәріханалар аталмыш басқармаға қарамағандықтан, оларға тексеріс жүргізуге құқықтары жоқтығын айтты. Келесі кезекте «СҚ-Фармация» ЖШС-ның облыстардағы өкілдеріне жүгіндік. Олардың қарамағына жеке меншік емес, тек мелекеттік дәріханалар қарайды екен. Қандайда бір ақпарат беру үшін, алдымен Нұр-Сұлтандағы бас мекеменің арнайы рұқсаты қажет көрінеді. Содан кейін облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне хабарласып едік, олардан: «Дәріханалардағы бағалар бақылауымызда. Алайда, заңбұзушылық фактілері анықталған кезде Мемлекет басшысы жарияған мораторийге сәйкес біз әкімшілік шара қолдана алмаймыз», – деген жауап келді.

Іздеген сұрағымызға онлайн режимде брифинг өткізген облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың баяндамасынан жауап алдық. Онда ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмектің болуы мен бағасын өсіруге жол бермеу мақсатында облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен мониторинг тобы құрылғанын атап өтті. Сол секілді «Nur Otan» партиясының аудандық, қалалық филиалдары да бұл мәселені бақылауда ұстайды. Батыржан Құлаймергенұлының айтуынша, дәрі-дәрмектің көтерме және бөлшек саудасы мәселесі бойынша өзара ынтымақтастық туралы үш жақты Меморандумға қол қойылған.

«Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің облыстық филиалымен бірге дәрілік заттардың бағасына мониторинг жүргізілді. Мәселен, 7 маусымдағы мәлімет бойынша, облыстағы фармацевтикалық қызметпен айналысатын 70 нысанға мониторинг жасалған. Алыпсатарлыққа жол бермеу үшін медикаменттердің сатылатын көлемі жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Апта аяғында тағы да  Талдықорған қаласында орналасқан дәріханаларды араладық. Біз іздеген дәрілер әлі келмепті. Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанның барлық аймақтарына дәрі-дәрмек жеткізу қолға алынып жатыр. Аталмыш дәрілер жақын күндері халықтың қолына түседі деген сенімдеміз. Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тағылымды сөз бар. Сондықтан үйден шығып індет жұқтырғанша, үйде отырып сақтанайық!

 

Мәулен Әнербай
Фото, бейнеүзікті түсірген автор