КОРОНАВИРУС: "ҚЫЗУЫ БАР БАЛАҒА БҰЛ ЕМДІ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ"

Уақыты: 21.07.2020
Оқылды: 2274
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бала – біздің көзқуанышымыз, жанымызға жылу сыйлайтын, ізімізді жалғастырушы ұрпағымыз. Көңілдің гүлі, көздің нұры болған баламыздың денсаулығы біз үшін өте маңызды. Әсіресе, елдегі өршіп тұрған індет кезінде балаға қандай күтім керектігін, аурудың алдын алуда сақтық шараларының қаншалықты пайдалы екенін білу үшін педиатр-дәрігер Майра Айтуарқызымен сұхбаттасқан едік. 


–  Қазір аты жаман індеттің өршіп тұрған кезі. Осындай кезде балаға қандай күтім жасаған жөн?
– Бала – Жаратқанның берген ең үлкен сыйы. Оны көзіміздің ағы мен қарасындай қорғап жүруіміз керек. Дәл қазіргі таңда балаларға өте сақ болғанымыз жөн. Ең әуелі, олардың тазалығына қатты мән берген дұрыс. Баланың қолын жиі жуып, дұрыс тамақтануын қадағалауды естен шығармау керек. Егер кішкентай сәби болса ең алдымен анасы жеке басының тазалығы мен денсаулығына жіті мән беруі тиіс. Әр шаңырақтың ата-анасы үйді таза ұстауға міндетті. Жай кездері аптасына бір рет үйге тазалық жұмысы жүргізілсе, пандемия кезінде күнделікті арнайы дезинфекциялаушы ерітінділерді қосып, барлық бөлмелерді күнде сүртіп отырған жөн. Баланың денсаулығы мықты болуы үшін уақытылы тынығу қажет, түнгі ұйқының ұзақ-тығы 8-9 сағаттан кем болмауы тиіс. Дұрыс тамақтану баланың өсіп келе жатқан организмінің қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Ата-аналардың өздері ертеңгілік астан бастап тамақтану режимін сақтап, отбасымен бірге ішкені дұрыс. Зиян келтіретін тағамнан, газдалған сусындарды ішуден біржола бас тартса нұр үстіне нұр болар еді. Әке-шеше балаға суды жеткілікті мөлшерде ішуге, көкөніс пен жеміс-жидекті жиі жеуге үйреткені жөн. Қозғалыс белсенділігін арттыру қажет. Гиподинамия қазіргі балалардың көпшілігіне тән. Баланың спорт секцияларына немесе би, гимнастика, ат-летика үйірмелеріне, суда жүзуге барғаны дұрыс. Алайда карантин кезінде мұндай үйірмелерді үй жағдайында атқарса болады. Өйткені, мөл-шерлі физикалық жүктемелер респираторлық инфекциялардың алдын алуына көмектеседі, денені тік ұстап жүруге үйретеді, омыртқаның және буындардың иілгіш болуына жақсы әсер етеді. 

–  Майра Айтуарқызы, қазір балаларға арналған биологиялық белсенді қоспалардың түрі өте көп. Жалпы, сол өнімдерді балаға берген дұрыс па? Жеткіншекке қандай дәрумен беруге болады? Маман ретінде қандай кеңес айтасыз? 
– Дәрумен – тағамдағы химиялық қосылыс. Дәрумен өте аз мөлшерде қажет болғандықтан миллиграммен немесе микрограммен өлшенеді. Дәрумендер майда еритін және суда еритін болып екі топқа бөлінеді. Майда еритін дәрумендерге А, Е, D және К дәрумендері жатады. К дәрумені ішектерде бактериялармен бірге синтезделеді. D дәрумені теріде ультракүлгін сәуле әсерінен түзіледі. А мен Е дәрумені тамақпен бірге келеді. А, Е, D дәрумендері бауырда және майлы тінде қорға жиналады, сондықтан олардың артық мөлшері синтетикалық дәрумендер түрінде ұзақ немесе дұрыс емес қолдану кезінде улы болуы мүмкін. Бала дұрыс тамақтанса, дәрумен жетіспеушілігі орын алмайды. Суда еритін дәрумендерге С дәрумені мен В тобының дәрумені жатады. Суда еритін дәрумендер (В12 дәруменінен басқа) ағзада қорға жиналмайды, олар күнде тамақпен бірге келу керек. Егер бұл дәрумендер артық болса, олар сіңбейді, пайдасын тигізбейді, жай зәрмен бірге шығып кетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша балалар дәрумендер мен микроэлементтерді табиғи жолмен азық-түліктер арқылы алу керек. Түрлі биологиялық белсенді қоспаларды маман кеңес алмай балаға беруге болмайды. Жақсы тәбетпен қамтамасыз ететін белсенді өмір салтында бала тағамдық топтардың барлық өнімдерін жесе, ол қосымша синтетикалық дәрумендерді қажет етпейді. Бала алуы қажет азық-түлік топтарына дәнді дақылдар (жарма, макарон, нан), көкөністер, жемістер, сүтті тағамдар, майлар, жануар және өсімдік тектілердің ақуыз көзі (ет, балық, бұршақтылар) жатады. Фаст-фуд тағамдарында ешқандай дәрумен жоқ екенін айтқым келеді. Егер балаңыздың тәбеті жақсы болса және күнде көкөніс пен жеміс-жидек жесе, оған қосымша дәруменді препарат берудің қажеті жоқ. Егер дәрумен бала ағзасына дұрыс сіңбеуі мүмкін деп ойлап, күмәндансаңыз алдымен дәрігерге көрсетіп, тексерістен өтіңіз. Ал балаңыздың тәбеті нашар болса немесе көкөністер мен жемістер жемесе, бірден қосымша дәруменді препарат бермей, алдымен тәбет ашудың жолдарын іздеңіз. Ол туралы да дәрігерден кеңес алсаңыз болады. Балаға тамақпен келген дәрумен аса қажет екенін ұмытпаңыз.

     Керек кеңес

Бала жүйелі түрде 4-5 мезгіл тамақтануы тиіс. Күнделікті әр 6 сағат сайын екі аскорбин қышқылын қабылдаған жөн. Сүт өнімдерін мүмкіндігінше үзбей беру керек. Күніне жоқ дегенде 100 грамм ет тағамын жеген баланың денсаулығы мықты болады. Күндізгі сағат 10:00 мен 13:00 аралығындағы күн сәулесі балаға өте пайдалы. Сол аралықта баланы далаға шығарып тұрған дұрыс.

– Баланың ыстығы көтерілгенде қандай дәрі беру керек? Дәріні дене қызуы қанша градусқа көтерілгенде берген дұрыс?  
 – Педиатрияда дене қызуын төмендету үшін ибуфен мен парацетамол пайдаланады. Дегенмен, әр баланың ағзасы әртүрлі болатынын ерекше атап өткім келеді. Баланың дене қызуы 38,5 градусқа көтерілген кезде ғана дәрі беруге болады. Ал басқа ба-лаларға дәріден қа-рағанда сироптық шырындардың пайдасы көбірек тиеді. Оған қоса, әр дәрінің мөлшері бала-ның жасы мен салмағына қа-рай есептеліп берілетінін естен шығармаған жөн.  Мысалы, парацетамол аурудың тура орта тұсынан әсер етіп, дене қызуын қалпына келтіреді. Ибуфен – ауырсынуды тез басып, ыстықты түсіріп, асқынып кетуіне жол бермейді. Баланың ыс-тығы парацетамолдан кейін түспесе, араға 30-40 минут салып ибуфен беруге болады. Бірақ дәрі берген дұрыс деп, дәріні бірінен соң бірін беруге де болмайды. Парацетамолдың арасы 4 сағат болса, ибуфенді бергенде 6 сағат аралықты сақтаған жөн. Аспиринді балаға мүлдем беруге болмайды. Дұрысы, баланың ыстығы көтерілсе, дәрігерге хабарласып, толық ақпарат алғаныңыз жөн.  Дәстүрлі медицинаның қыры мен сырын терең түсінген үлкендеріміз құйрық майды жиі пайдаланған. Оның кері әсері ешқашан болған емес. Құйрық майды үнемі баланың кеудесіне, жотасына, табанына жағу ешқашанда артық болмайды. Құйрық майға үккіштен өткізілген сарымсақты қосып, оған этил спиртін қосып, баланың кеудесіне, жотасына, балтырына, табанына жұқалап жағып қойған дұрыс. Денесінде қызуы бар балаға бұл емді жасауға болмайды. 

– Қазіргі мезгілде балаға қан-дай жемісті көп әрі жиі берген дұрыс?
 – Жаз мезгілі бала үшін нағыз дәрумендерге толы уақыт. Әсіресе, бау-бақшада өскен барлық жемісті жеуге болады. Күннің бірінші жартысында, яғни түске дейін аз мөлшерде түрлі жемісті сүтке араластырып коктейль жасап берген дұрыс. Алма, алмұрт жемістерін тәтті бәліштерге қосып, пісіріп балаға берсеңіз таптырмайтын дәрумен дер едім. Егер баланың тәбеті тартпаса, жегісі келмеген тағамды қинап беруге болмайды. Баланың талғамына қарай өзі сүйсініп жейтін тағамдарды үнемі беріп отырған дұрыс. Жаз мезігілінде қантын аздау қылып жемістерден морс, компот дайындап, сусын ретінде берсеңіз болады. Қауын, қарбыз маусымы басталғандықтан ішек инфекциясының алдын алу керек. 
– Сұхбатыңызға рахмет! 

Әңгімелескен Еңлік КЕНЕБАЙ
Сурет ғаламтордан алынды