"ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ" ҚОРЫ ЕКІ БІРДЕЙ АУДАНҒА ДӘРІ-ДӘРМЕК ЖЕТКІЗУДЕ

Уақыты: 22.07.2020
Оқылды: 2314
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тәжтажал жағадан алған уақытта, қиын-қыстау кезеңде елім-жерім деген жандардың еңбектері мен іс-әрекеттері айырықша көрінуде. Бұл орайда Райымбек ауданындағы Сарыбастау  ауылында өскен азаматтардың қаржысынан құралған «Ұлағатты ұрпақ» қоры жап-жақсы жұмыстар атқарып, қалың көпшіліктің алғысын арқалауда. 

Нақты айтатын болсақ, Жәнібек Әлікен жетекшілік жасайтын «Ұлағатты ұрпақ» қоры аудандық орталық ауруханадағы сырқат жандарға ең керекті, қажетті дәрі-дәрмектерді алып берді.  Олар ең бірінші кезекте 1 данасы 170 мың теңге тұратын 25 дана  «Оттегі концентраторын»  сатып алып беруді жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда аталған аппараттың 5 данасы мен ауруларға қажетті дәрі-дәрмекті аурухана әкімшілігі қабылдап алды. Қалған аппараттар да аптаның аяғына дейін жеткізілмек.

Осының алдында ғана «Ұлағатты ұрпақ» ұжымы  жалпы бағасы 700 мың теңге тұратын «Пульсоксиметр» жабдығының 20 данасын ауруханаға табыстаған болатын. Қазіргі таңда жалпы бағасы 346500 теңге тұратын «Канюли» атты тыныс алу түтікшесінің 600 данасына тапсырыс берілді.  Ол түтікшелер де жуық арада ауруханаға жеткізіліп, сырқат жандардың игілігіне беріледі. Мұндай игілікті істен аудан тұрғындарынан құрылған «Айдың нұры», «Қарекет», «Нарынқол жастары» атты еріктілер тобы да сырт қалып отырған жоқ.

– Дәл қазіргідей уақытта «Ұлағатты ұрпақ» сияқты еріктілер тобының, қоғамдық қорлардың  жасап отырған қолдауы мен көмегі аудан тұрғындарының ризашылығын тудырып отыр. Әсіресе, аудандық ауруханада жатқан сырқат жандардың алғыстары шексіз. Өңірге дер кезінде жеткізілген өкпені жасанды жолмен тыныс алдыратын аппараттардың, ең қажетті дәрі-дәрмектердің арқасында көп адамдар сырқатынан айығып, қатарға қосылды. Ауданнан шыққан азаматтардың қолдауымен жеткізілген дәрі-дәрмектер бүгінде жеткілікті дәрежеде. Біз оларға аудан тұрғындарының атынан зор алғыс айтамыз, – дейді Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов.

"Ұлағатты ұрпақ” қоры шекара шебіндегі аудандарға тағы да дәрі жіберді. Бұл туралы осыдан екі сағат бұрын ғана режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз Асқар Наймантаев фейсбук папақшасында жазды. Онда:

"АУЫЛҒА ДӘРІ КЕТТІ ТАҒЫ ДА!!!

“Ұлағатты ұрпақ” қоры өткен жолы Нарынқол, Абай, Қызылшекара, Текес, Тегістік Сарыбастау, Шалкөде, Қарасаз, Тұзкөл ауылдарына дәрі -дәрімектер апарып берген еді.
Енді Жамбыл, Қаратоған, Қақпақ, Қайнар, Көксай ауылдарына және Кеген ауданына дәрі апарып беруге жолға шықты.
ЖОЛ БОЛСЫН, ЕМ БОЛСЫН!", - делінген.

Қанат Біржансал
Райымбек ауданы