КОРОНАВИРУС: ТЕСТІЛЕУШІЛЕРДІҢ САНЫ ЕКІ ЕСЕ АРТАДЫ

Уақыты: 26.07.2020
Оқылды: 1397
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысы “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасын іске асыруда республика бойынша көшбасшылар қатарына енді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен селекторлық жиында айтылды. Үкімет отырысында эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру барысы және экономика саласындағы жергілікті қамтуды дамыту, оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру барысы мен құрылыс материалдарының отандық өндірісін дамыту, сатып алу мәселелері қаралды. Облыста атқарылған жұмыстармен аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВ таныстырды.

Жоғарыда көрсетілген стратегия шеңберінде жергілікті қамтуды дамыту туралы “Атамекен” ҰКП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, екінші деңгейлі банктердің бизнес-үдерістерін оңтайландыру туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова, құрылыс саласында қазақстандық қамтудың дамуы жайлы Индустрия және ин- фрақұрылымдық даму минис-трі Бейбіт Атамқұлов, сатып алудағы жергілікті қамтудың тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов баяндады.  
“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында ел бойынша 491,5 миллиард теңгенің екі мыңнан астам жобасы мақұлданды. Аталған бағдарлама бойынша көшбасшы аймақтар қатарын Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстары бастап тұр. Сондай-ақ, құрылыс саласының қарқынды дамуының арқасында соңғы 10 жылда құрылыс материалдары өндірісі көлемінің 3,3 есеге артқандығы белгілі болды. 
Отырыс барысында елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой толық ақпарат берді. Оның айтуынша, Қазақстан салыстырмалы тұрақтану деңгейіне шықты. 
– Біз елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Бүгінгі таңда республика бойынша коронавирусты жұқтырғандардың өсімі 2,1 пайызды құрады. Ең төменгі өсім Шымкент қаласында, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарында тіркелді. Біз науқастарға арналған төсек қорын 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін арттырдық. Ең бастысы, COVID-19 дертінен сауыққан науқастар қатары 19 пайыздан 60 пайызға артты, –  деп атап өтті Алексей Цой.
Баяндамашы провизорлық және реанимациялық төсектердің жүктемелігі, сондай-ақ «Жедел жәрдем» шақыртушы азаматтар санының әлдейқайда азайғандығын айтты. Сонымен қатар, амбулаторлық деңгейде үйде медициналық көмек көрсету үшін 2 мың 962 мобильді бригада құрылып, Call-орталықтарының саны артқан. Ағымдағы айдың соңына дейін бригада саны 3 мың 500-ге дейін жеткізілмек. 
Денсаулық сақтау министрі ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады. Мәселен, бүгінгі күні инфекциялық және провизорлық стационарларда     2 мыңға жуық ИВЛ аппараты бар. Қосымша 4 мың 183 аппарат сатып алынады. 21 мыңнан астам төсек оттегіге, 6 мың 237 нүкте оттегі концентраторларына қосылады.
Селекторлық кеңесте ПТР-тестілеу туралы мәселе көтерілді.  Бүгінде ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 32 мың зерттеуді іске асыра алады. Қыркүйек айына дейін тестіленушілердің саны екі есе артады деп жоспарлануда. 
– Еліміздің әр өңіріне, әсіресе ауылдық жерлерге амбулаториялық көмек көрсету жұмыстарына барынша көңіл бөлініп отыр. Ол үшін бір жарым мыңға жуық мобильді бригада құрылып, жүйелі жұмыс атқарып келеді. Коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша барлық қажетті шаралар қабылданады. Ал орын алған кемшіліктер тез арада жойылады, – деді Алексей Цой.  
Премьер-Министр көтерілген мәселелерді тыңдап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді. Әкімдіктерге, Денсаулық сақтау және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне тамыз айының соңына дейін өңірлердегі ауруханаларды ИВЛ аппараттарымен, ПТР-тестілеумен, білікті мамандармен қамтамасыз етуді тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне шұғыл түрде өңірлерді жылжымалы диагностикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды отандық өндірістің сандық рентген аппараттарымен жабдықтау керектігін айтты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және әкімдіктерге екі апта ішінде оттегі концентраторлары мен медициналық газдарды өңірлерге толық көлемде жеткізуді қамтамасыз ету мәселесін шешу тапсырылды.
“СҚ-Фармация” ЖШС-іне шілде айының соңына дейін әр өңірге дәрілік заттарды қосымша айлық көлемде сатып алып, олардың қажеттілігін жоспарлау жұмыстарын қадағалау тапсырылды.
“Қарапайым заттар экономикасын” жүзеге асыру мәселесі бойынша Премьер-Министр ҚР Қаржы министрлігіне “Атамекен” ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бір апта мерзімде отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алуларына қатысуына мүмкіндік бермейтін барлық жүйелік кедергілерді жою жөніндегі іс-қимылдар алгоритмін дайындауды тапсырды. Сондай-ақ, процедуралық кедергілерді жою мақсатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржыгерлер қауымдастығымен, екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша  кредиттік өтінімдерді қарау мерзімі мен құжаттар тізбесін қысқарту және кепіл саясатын жеңілдету бөлігінде банктердің бизнес-процестерін оңтайландыру мүмкіндігін қарастыру керектігі айтылды. Құрылыс саласындағы жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында Үкімет басшысы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне барлық тараптың жауапкершілігін күшейту бойынша тиісті заңнамалық және нормативтік өзгерістерді пысықтауды қатаң тапсырды. 
Премьер-Министр Асқар Маминнің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында екі ай ішінде бизнестің қарама-қарсы міндеттемелерін цифрлық бақылау бойынша жұмысты аяқтау қажет. Осыған байланысты Премьер-Министр тиісті заңнамалық түзетулер пакетін дайындауды тапсырды. Бұл ретте “Атамекен” ҰКП цифрлық платформасының базасында бизнестің қарама-қарсы міндеттемелерінің мониторингі бойынша пилоттық жобаны іске қосу жүзеге асырылатын болады.

Еңлік КЕНЕБАЙ