ІНДЕТТІҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ 7,3 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛДІ

Уақыты: 26.09.2020
Оқылды: 975
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясының онлайн отырысы денсаулық сақтау саласы мен білім жүйесіндегі атқарылуы тиіс шараларды саралауға арналды. Басты байлық – денсаулық. Биыл коронавирус індеті денсаулыққа еш байлықтың теңесе алмайтынын қайтара еске салды. Бір жұтым ауа үшін күрестік. Індет денсаулық сақтау саласын бір ширатып алды.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының облыста іске асырылу барысы туралы ақпарат берді. Биылғы коронавирус індеті облыс тұрғындарының өміріне қауіп төндірді. Соның ішінде жүкті әйелдер тәуекел топқа жатқызылды. Қанша сақтандырылса да кесел кесірін тигізбей қоймады.

Облыс бойынша 10 жүкті әйел індеттің кесірінен көз жұмған. Көбінің бұрыннан да денсаулығында кінәрат болған көрінеді. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, әйелдер өз денсаулығына мұқият қарамай, жазылып кетермін деп үйден ем жасайды. Қайтыс болғандардың көбі індет өкпесінің үлкен бөлігін меңдеп кеткенше емханаға бармаған. «Әрбір ана өлімі бойынша осы жағдайларды талқылай отырып, өңірлік штабтар өткізілді, медициналық мекемелердің 6 басшысына және 32 қызметкерге қатаң сөгіс берілді. Білімін және практикалық дағдыларын бағалауға 52 медициналық қызметкер жіберілді», – деді баяндамашы.

Балалар арасында 23 суицид орын алған. Өзіне-өзі қол жұмсаған балалардың 15-і он жеті жасқа толмаған жасөспірімдер. Балалардың жүйкесінің сыр беруіне отбасындағы және қатарластары арасындағы кикілжің әсер еткен. Суицидқа ұшырағандардың біразы толық емес отбасында өскендер. «Бала жүйкесіне ата-ана қамқорлығын сезінбеу де әсер етеді» дегенді айтады мамандар. Бас дәрігердің айтуынша, жол-көлік оқиғасы көбейген.

Мысалы, 2018 жылы 2073 жол-көлік оқиғасы орын алса, былтыр 2170 оқиға тіркелген. Соның салдарынан қайтыс болғандар саны 360-тан 470-ке жеткен. Жол-көлік оқиғасы көбінесе республикалық жолдарда болған. Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғасы жаз айларында суға түсу мерзімінде және қыс кезінде орын алады екен. Сондай-ақ, көлік жүргізу біліктілігінің төмендігі де апаттың негізгі салдарына жатады. Медициналық алғашқы көмекті жандандыру үшін жалпы тәжірибелі дәрігердің жүктемесі төмендетілуде. Олардың саны 543-тен 816-ға дейін артты. Дәрігерлік бөлімшенің жұмысы 1878 адамнан 1717-ге төмендеген.

Облыстың медициналық мекемелерінде барлығы 4 756 дәрігер және 14 961 медбике жұмыс істейді. Дәрігерлермен қамтылу 10 мың адамға шаққанда 23,2-ні, орта буын медициналық қызметкерлермен қамтылу 73,8-ді құрайды. Облыстың денсаулық сақтау мекемелерінде 122 жалпы тәжірибелі дәрігер, 28 акушер-гинеколог, 24 хирург, 13 неонатолог, 18 анестезиолог-реаниматолог, 13 невролог, 8 онколог жетіспейді. Өткен жылы жергілікті бюджет қаржысы есебінен резидентурада оқитын мамандардың оқуын төлеу үшін бюджеттен 18,0 млн.теңге бөлінген. Облыс әкімінің гранты бойынша еліміздің медициналық жоғары оқу орындарының 2-3-курстарында 26 студент оқиды. Денсаулық сақтау басқармасы алыс елді мекендерді дәрігерлермен қамтамасыз ету үшін әрбір адамға 1,0 млн.теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беру жайлы өтінім жасалғанын айтты.

Облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жергілікті бюджет қаржысы есебінен «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 15,0 млрд. теңгеге 1075 бірлік заманауи жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдық, 138 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынған. Сонымен қатар, 3 компьютерлік томограф, С-доғалы типті 2 рентгенологиялық аппарат, инсульттік орталықтар үшін медициналық құралдар жиынтығы, жылжымалы флюорографиялық кешен, сандық рентгенді диагностикалық кешен, ұрмалы-толқынды литотриптер және лапароскопияға арналған бейне эндоскопиялық құрылғы, ЖИТС орталығына арналған зертханалық құрал-жабдықтар жиынтығы, жаңа туған нәрестелерге арналған медициналық құрал-жабдықтар жиынтығы (жаңа туылған нәрестелерге арналған СИПАП, инкубатор) сатып алынған.

Мәслихат комиссиясының отырысында депутаттар баяндамашыға «Жедел жәрдем» көлігінің жағдайы туралы сұрақ қойды. Әсіресе, коронавирус індеті белең алғанда «Жедел жәрдемнің» тапшылығы білінді емес пе?! Облыста бүгінде 165 «Жедел жәрдем» бригадасы бар. Лизинг бойынша жақын уақытта 105 «Жедел жәрдем» автокөлігінің жеткізілетіні айтылды. Жалпы ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін 180 бірлік автокөлік алынбақ, бұл бригадалар санын 205-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін облысқа 12 жылжымалы кешен әкелінетінін баяндамашы қуанышпен жеткізді. Бұрыннан облыста 5 жылжымалы кешен болған. Көпсалалы жылжымалы кешен әр ауданға беріледі. Олар шалғай аудандар мен елді мекендерді аралап, қызмет көрсетеді. Соңғы жылдары медициналық техникамен жарақталу деңгейі облыс бойынша 79%-ға жеткізілген. Жедел инсультпен ауырған пациенттерге көмек көрсету үшін компьютерлік томографпен жабдықталған 6 инсульттік орталық ашылған.

Мәслихаттың онлайн отырысында коронавирустың екінші толқыны бола қалған жағдайда дайын болудың жай-жапсары айтылды. Бұл орайда Өмірзақ Әбілсейітұлы облыс бюджетінен және резервінен коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындыққа қосымша 7,3 млрд.теңге бөлінгенін айтты. Оған 3 компьютерлік томография, өкпені жасанды желдету аппараты, оттегі стансысы, дәрілік заттар, жылжымалы рентген аппараты, цифрлық рентгенологиялық жүйе, оттегі концентраторы, пульсоксиметр, өкпені емдеу үшін виброакустикалық массажер алынған. Депутаттар тарапынан пандемияны емдеу мекемесі мен төсек-орынмен жабдықталу жайы жайлы сұрақ қойылды.

– Пандемияның екінші толқыны бола қалса 5280 төсек дайын. Коронавирустық инфекциямен күресу мақсатында Талдықорған қаласында 200 төсектік, оның ішінде 20 реанимациялық және модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы басталды. Аурухананың штаттық саны 452 персоналды құрайтын болады. Оған Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухананың инфекциялық бөлімшесінен 118 қызметкер көшіріледі. Бес дәрігер басқа медициналық ұйымдардан тартылады. Медициналық мекемелерді дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан – Ресей медициналық университетімен көп деңгейлі денсаулық сақтау мамандары, интерн, резиденттерді дайындау бойынша оқу орталығын құру туралы меморандум жасалды, – дейді баяндамашы індеттің екінші толқынына дайындық жайын саралап.

Жергілікті бюджеттен қосымша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтауға 436,1 млн.теңге бөлінген. Сонымен қатар, балалар үшін балалар инфекциялық ауруханаларының базасында екі ковид-орталық жарақталып бітеді.

Екінші толқынға дайындық барысында СOVID-орталыққа медициналық құрал-жабдықтар қойылмақ. Бір цифрлық рентген-аппарат, 20 өкпені жасанды желдету аппараты, 12 концентратор, 30 монитор, 8 виброакустикалық аппарат, 130 пульсоксиметр. Болмай-ақ қойсын, бірақ жаман айтпай жақсы жоқ екенін ескеру керектігі осылай баяндалды.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова да онлайн оқыту, кәсіптік білім беру, балаларды қауіпті жағдайлардан қамсыздандыру жайымен таныстырды. Кәсіптік мектептің тәлімгерлерін дуальді оқытудың артықшылығы жайында кеңінен айтылды. Ол үшін білім беру шаңырақтары жанынан қосымша шаруашылықтар ашу, шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасасу жайы талқыланды.

Жиында денсаулық, білім төңірегінде атқарылуы тиіс өзекті мәселелер қозғалды. Шешу жолдары, бірлесіп атқарылатын шаралар да айтылды. Халық қалаулылары ел көкейіндегі мәселелерге барынша қолдау танытты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды