АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ ҚАЙТАДАН ӨРШІП БАРАДЫ

Уақыты: 17.10.2020
Оқылды: 1259
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында бір күнде 5 адам коронавирус жұқтыратын жағдайға жетті. Жаздағыдай болмаса да, осы бір қорқынышты мәлімет облыста індет қайта өршіп келе жатқанын білдіреді. Бұл туралы Алматы облыстық әкімдігінде аймақ басшысының орынбасары Батыржан Байжұмановтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында айтылды.

Шарада сөз алған Батыржан Құлаймергенұлы:

– Әлемді әбігерге салған кесел қайта өршіп келеді. Бүгіннің өзінде облысымызда 5 адам коронавирус індетін жұқтырды. Атап айтсақ, бүгін Талдықорған қаласынан 3, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарынан бір адамнан коронавирус анықталды. Алдында екі күн қатарынан 4 адам ауырған болатын. Сонымен қатар, 4 адам Алакөл, Ақсу, Кербұлақ, Қарасай аудандарында пневмониямен ауыруда. Осыған орай қатаң шара қабылдау керек, – деді.

Бұл мәселе бойынша облыс басшысының орынбасары қоғамдық көліктердің уақыттарын қайта шектейтінін, кесел мұнымен тоқтамаса, облыс аумағын жабуға тура келетіндігін айтты. Сондай-ақ, дәрігерлердің өзі короновирус жұқтырып жатқандығын тілге тиек етіп, егер енді дәрігер не медицина қызметкері ауыратын болса, онда бас дәрігерлер жауап беретіндігін жеткізді.

Алдағы уақытта арнайы құрылған комиссия облысымыздағы аудан, қала ауруханаларын аралап, мониторинг жүргізетін болады. Егер заңбұзушылық тіркелсе, айыппұл салынады. Шарада Батыржан Байжұманов бетперде тағу мен арақашық сақтауды қатаң бақылауға алу керектігін ескертті.

– Әлемді жайлаған індет өңірімізде өршімеу, екінші толқынды болдырмау үшін барымызды салып жұмыс істеу - біздің басты міндетіміз. Бірінші кезекте бетперде киіп, арақашықтық пен тазалықты сақтауымыз керек. Ол үшін ең бірінші тәртіпті қолға алу маңызды, – деген облыс әкімінің орынбасары мониторинг жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Заңбұзушылық оқиғалары тіркелсе, полиция қызметкерлерін шақырып, айппұл салу керектігін жеткізді.

Жиын соңында аймақ басшысының орынбасары коронавирус инфекциясының екінші толқынын болдырмау мақсатында әр аудан, қала әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан