ЕКІНШІ ТОЛҚЫН: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫҢ ЕКІ АЙЛЫҚ ҚОРЫ БАР

Уақыты: 20.10.2020
Оқылды: 1180
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында жалпы пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13 миллиард теңге бөлінді. Оның 8,1 миллиард теңгесі екінші толқынға дайындық үшін қарастырылған. Облыстың медицина мекемелерінде жеке қорғану құралдарының үш айлық қоры, дәрілік заттардың екі айлық қоры бар. Бұл туралы толығырақ Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде жеке қорғану құралдарының үш айлық қоры, атап айтқанда, 6,2 миллион бетперде, 2,5 миллион қолғап, 74,6 мың бір рет қолданылатын қорғаныш костюмдерінің жиынтығы бар. Ал дәрілік заттардың екі айлық қоры қалыптастырылған, нақтылап айтсақ, стационарларда 1,4 миллиард теңгеге 204 түрлі дәрі, амбулаторияларда 101 миллион теңгеге 5 түрлі дәрі қоры бар.

Тұрақтандыру қорына қосымша 800 миллион теңге бөлініп, қаржы көлемі 1,3 миллиард теңгені құрады. 500 миллион теңгеге дәрілік заттардың 30 түрін сатып алуға «INKAR» ЖШС бірыңғай дистребьютерімен келісім шарт жасалған. Сондай-ақ, «СК Фармация» арқылы дәріханалар үшін 33 түрлі дәріге 63 миллион теңгеге өтінім берілді, 1 миллион бетперде сатып алынды. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтары да назардан тыс қалған жоқ. Олар үшін жергілікті бюджет есебінен 92 миллион теңгеге вирусқа қарсы препараттардың 4 түрі әкелінді.

Облыста жеке қорғану құралдары өндірісі жолға қойылған. «Долче», «СП «Абди Ибрахим Глобал Фарм», «Келун-Казфарм» компаниялары - осы саладағы ірі кәсіпорындар. Бетперде тігуге 5 тігін кәсіпорны бейімделді. Талдықорған қаласында бетперде тігетін үш қабатты цех жұмыс істейді. Жалпы тәулігіне барлығы 250 мыңнан астам бетперде шығарылады. Облыс дәріханаларында сатылатын бетперденің бөлшек саудадағы орташа бағасы 40 теңгені құрап отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"