АМАНДЫҚ БАТАЛОВ: "АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДӘРІ-ДӘРМЕК ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ"

Уақыты: 21.10.2020
Оқылды: 1002
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен онлайн режимінде селекторлық кеңес өтті. Шараға онлайн режимде Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Жиында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік, халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Алғашқы мәселе бойынша Ауылшаруашылық министрі С.Омаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев сөз алып, тоғыз айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Ал Асқар Ұзақбайұлы Ауылшаруашылығы және Білім министрліктеріне сала үшін кадрлар даярлауды жетілдіру және кейін ауылда жұмыс істеу шартымен ветеринариялық және фитосанитарлық қызмет мамандықтары бойынша оқытуға бөлінетін гранттарды ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Екінші мәселе бойынша Үкімет басшысы:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың азаймайтын қорын қалыптастыруды тапсырды. Үкімет коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық, медициналық ұйымдар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Денсаулық сақтау министрлігіне "СҚ-Фармациямен" бірлесіп, стационарларда, әсіресе, жұқпалы аурулар ауруханаларында дәрі-дәрмектердің болуына мониторинг жүргізуді тапсырамын, – деді. Сондай-ақ, Индустрия министрлігіне медициналық бетперделер шығаруды арттыруды, Денсаулық сақтау министрлігіне келесі жылға дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды уақытылы сатып алып, жеткізуді тапсырды.

Бұл мәселе бойынша Амандық Ғаббасұлы:

– Пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13 млрд.теңге, оның ішінде, екінші толқынға дайындық үшін 8.1 млрд.теңге бөлінді. Облыстың медицина мекемелерінде жеке қорғау құралдарының үш айлық қоры жасалған. Дәрілік заттардың екі айлық қоры бар. Эскоформация арқылы дәріханаларға 33 түрлі дәрілік заттар алу үшін өтінім берілді. 1 млн.бетперде алынды. Облыстың мыңнан астам дәріханасында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарының болуы және оның бағасына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ, – деп індеттің таралуына жол бермеу мақсатындағы  жұмыстар бақылауда екенін айтты.

Бұдан бөлек, облыста медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуын күшейту шаралары қабылданған. Үш компьютерлік томограф, 18 рентген, 150 өкпені жасанды желдету аппараты, 1070 оттегі концентраторы, 180 «Жедел жәрдем» көлігі және 12 жылжымалы медициналық кешен алынған. Сондай-ақ, "Жедел-жәрдем" бригадаларының саны 502-ге дейін артып, облыстың 13 ауруханасы оттегі стансыларымен қамтамасыз етілген.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан