АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА КОВИДПЕН АУЫРҒАНДАРДЫҢ 52 ПАЙЫЗЫ - СИМПТОМСЫЗ

Уақыты: 26.10.2020
Оқылды: 1013
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлем халқын әбігерге салып, дүниежүзін дүрліктірген коронавирус, ғалымдар болжағандай, күзбен бірге қайта күшейе бастады. Бұл індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Күніге тәжвирусын жұқтырған науқастар анықталуда.

Вирустың алғашқы ошағы саналар Қытай мемлекетімен иық тірестіре орналасқан Алакөл ауданында бүгінге дейін COVID-19 сырқатымен 207 жағдай расталды. Оның 109 (52,6 пайызы) симптомды, 98 (47,6 пайызы) симптомсыз. 206 адам емделіп, карантиннен шықты.

Ауданда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық қолайсыздық 22 елді мекенде орын алып отр. Атай кетсек, Үшарал қаласында 109, Достықта 17, Қабанбайда 12, Бұлақты мен Жайпақта 10, Бескөлде 8, Қазақстан мен Көктұмада 7,  Жанамада 6, Қызылащы, Көлбай, Актүбек, Теректі және Еңбекшіде 2, Қант зауыты, Тоқжайлау, Ақши, Лепсі, Ынталы, Майқан ауылдарында 1 жағдайдан белгілі болды.

Аурудың тіркелуіне байланысты аталған ошақтарда эпидемиологиялық тексерулер, індетке қарсы іс-шаралар  атқарылуда.

Коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынын болдырмау, сақтық шараларын күшейту мақсатында аудандық әкімдік жанынан құрылған жұмыс тобымен мектептерде, медицина ұйымдарында, жұмыс істеп отырған шағын бизнес нысандарында санитариялық-карантиндік шаралардың сақталуына мониторинг жүргізілуде.

Осы атқарылып жатқан шараларға қарамастан карантиндік шараларды бұзу, әсіресе, той жасау әлі де тоқтар емес. Мұнда басты мәселе той иелерінде ғана емес, мейрамхана басшылығы да жауапкершілікті түсінуі қажет. Сонымен қатар, қызметін жалғастырып жатқан нысан қызметкерлерінен және келушілерден қатаң бетперделік режимді талап ету, жұмысшылардың қолғаппен қызмет көрсетуі,ғимаратқа кіре берісте дезинфекциялық төсеніш пен антисептик заты құйылған санитайзер болуы өте маңызды.

Қазіргі таңда Еуропа мен Азия елдерінде індет қайта өрши бастады. Бүкіл әлем медицинасы өте маңызды, кең ауқымды проблемаларға тап болды. Сондықтан, күзгі-қысқы маусымда және болуы мүмкін коронавирустың екінші толқынына адамдар бейғам қарамауы керек. Алдағы күндердегі эпидемиологиялық ахуал өзіңізді қалай ұстайтыныңызға, қалай сақтанатыныңызға байланысты.

Коронавирус инфекциясының негізгі белгілері – тыныс алу жолдарының қабынуы, дененің қалшылдауы, жөтел, ентігу және тыныстың тарылуы, иіс пен дәм сезбеудің болуы. Ауыр жағдайларда инфекция пневмонияға, ауыр жіті респираторлы синдромға, бүйректің жетіспеушілігіне және өлімге әкелуі мүмкін. Ауру сырқат адамнан сау адамға ауа-тамшы жолмен, қарым-қатынас арқылы да беріледі. Аурудың жасырын мезгілі 14 күнге дейін созылады. Сонымен бірге, күз айларында жіті респираторлық вирустық жұқпалар жиілейді.

Вирус бөлшектерінің кішкентай болғандығы соншалықты оны қарапайым микроскоппен көру мүмкін емес. Вирустан қорғану қиыншылығының бірден-бір себепшісі де осы. Жөтелу, түшкіру кезінде науқастан майда тамшылар ауа арқылы жан-жаққа тарайды, олардың әр тамшысында миллиардтаған вирус бөлшектері болуы мүмкін.

Дертке қарсы шараларға келсек, аудан аумағында күн ара тексеріс жұмыстары, барлық нысандардың талаптарға сай жабдықталуы, қоғамдық орындар мен дүкен, дәріханаларда, өзге де қызмет көрсетілетін ғимараттарда бетперде тағу, арақашықты сақтау сынды дүниелер жіті назарда.

Әр мектепке кіреберіске залалсыздандыру тунельдері орнатылған. Бұл, ең алдымен, балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыс. Мұндай тунельдер ашық базарда да жұмыс істеп тұр.

Гүлмира ӘБІКЕНОВА,

Алакөл аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары

Сурет - ғаламтордан