АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДӘРІ-ДӘРМЕК ЖЕТКІЛІКТІ МЕ? МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 27.10.2020
Оқылды: 1183
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Пандемияның екінші толқынына дайындық жүргізу барысында дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру күн тәртібіндегі мәселе. Бұл орайда жауапты мекеме, басқарма, емдеу орындары керек-жарақтармен қамтамасыз етілуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Жетісу - адалдық алаңы» жобалық кеңесі облыс бойынша дәрі-дәрмек қорының жеткіліктілігі, сақталуы, ауруханаларға жеткізілуі бойынша мониторинг жүргізді.

Алдымен арнайы құрылған комиссия «СҚ Фармация» компаниясының Талдықорғандағы бөлімшесіне бас сұқты. Фармацияның қоймасы Алматы облысы бойынша екі жерде. Біріншісі, Қарасай ауданы, Абай елді мекенінде. Екіншісі, Талдықорған қаласында. Жауапты мамандар мен журналистерден құрылған топ алдымен қоймаға барды. Компанияның өкілі Серік Берікұлы жәшіктермен жинаулы тұрған дәрі-дәрмекті көрсетті.

– Мұнда дәрінің 1000-нан аса түрі бар. Коронавирусқа арналған дәрілердің түрі – 44. Дәрілер күн сайын емдеу мекемелеріне жіберілуде. Қай мекемеге қанша керек, сонша дәріні жіберіп отырамыз, – дейді ол.

Бұл жерде Израиль, Сингапур елінен гуманитарлық көмек ретінде келген өкпені жасанды тыныстандыру аппараттары мен оттегі концентраторлары қойылыпты.

Жалпы, биыл облысқа гуманитарлық көмек ретінде осындай аппараттардың көктемнен бері келіп жатқаны баршаға белгілі. Серік Берікұлының айтуынша, облыс бойынша екінші толқында 60 мың адам ауыруы мүмкін деген болжамға сай дайындық жүргізілуде екен. Дайындық бірінші толқындағы жағдайға орай ұйымдастырылуда.

Мониторинг жүргізушілер пандемияның екінші толқынының таралуына қарсы қолданылатын медициналық бетперде, қолғап, антисептикалық құралдардың қоймада жеткіліктілігіне назар аударды.

Дәрі-дәрмек қорының жеткізілуі мен сақталуын қадағалаушылар мұнан кейін Талдықорған қаласы дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры қоймасын көруге барды. Қордағы медициналық керек-жарақ, дәрінің көлемі аз көрінді. Сақталған жері жекеменшік қойманың шағын бұрышында екен. «Медин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері мекеме ішін ретке келтіреміз деп уәдені үйіп-төкті. «СҚ Фармация» негізінен дәріні өзіміздің зауыттардан алатынын айтып, көңілді қуантты. Облыс бойынша дәрі зауытының саны бүгінде оннан асыпты.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан