Ауылдастар алғысына бөленген

Уақыты: 24.04.2017
Оқылды: 1807
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алғабас ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқан.  Алматы тасжолының бойында. Дәл қасында көпір бар. Биік жарқабақтың қасында орналасқан қауіпті айналмалы жолда жол-көлік оқиғасы жиі орын алады. Сондықтан Алғабастың дәрігерлеріне күндіз-түні тыным жоқ.   

– Әр сырқатты емдегенде алдыңда өзіңнің ет жақын туысың отыр деп есепте. Немесе «Осы жағдайға мен түссем қалай болар еді?»  деген ойды естен шығарма деймін медбикелерге.  Амбулаторияда істейтін денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің барлығы осы ауылдың тумалары. Бәрі бірін-бірі жақсы таниды. Кейбір сырқаттардың ауруының сырын айтпай-ақ білеміз. Себебі, оның өмір сүру салты,  отбасындағы жағдай да көз алдымыздан өтіп жатыр. Тұқым қуалайтын сырқаттардың да себебін  ата-анасының жайы арқылы бағамдаймыз.  Сондықтан,  ауыл халқы мен медицина мамандары арасында тығыз байланыс орнаған, – дейді Алғабас дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері, тәжірибелі маман Бақытгүл  Жандарбек. Қызылтоған және Айнабұлақ елді мекендерінде  дәрігер жоқ. Сондықтан олардың тұрғындарына алдын алу шараларын жүргізу,  емдеу  Бақытгүлдің жауапкершілігіне жүктелген.  Сондай-ақ, үш ауылдың аяғы ауыр әйелдерін есепке алу, олардың денсаулығын  апта сайын қадағалау тағы бар.  Кей кезде жүкті әйелдер кезекті тексерілуге келмей қалады. Ондайда орта буын медицина мамандары болашақ ананы үйіне іздеп барып, болмаса ұялы телефоны арқылы тауып, хал-жағдайын біліп, денсаулығын тұрақты қадағалап тұрады.  Жүкті әйелдер он екі аптаға дейін есепке өздері келіп тұрулары керек. Әйтпесе іштегі баланы қадағалау мен ем жүргізудің  мерзімі өтіп кетеді. 
Дәрігерлер үшін ана мен баланың амандығын қадағалау басты міндет болып саналады.  Бүгінде  құрсақтағы сәбидің жүрек ақауымен дүниеге келуі жиі кездесуде. Егер анасы ертерек есепке тұрып, дәрігердің тағайындауларын, емін уақытында қабылдаса шарананың ағзасы дұрыс қалыптасатын еді.  Осыны ескерген алғабастық дәрігерлер  екіқабат әйелдердің денсаулығын мұқият қадағалап, тегін берілетін дәрі-дәрмекті уақытында беріп тұруға баса назар аударуда. Алғабас ауылындағы 5 төсектік күндізгі стационарда жылына 40-50 адам дәрігер көмегіне жүгінеді.  Мұнда көбінесе диспансерлік есепте тұратындар емделеді. Ауылда 560 адам жылына екі рет   тұрақты ем-дом алады.  Ең көп белең алған сырқат – қан қысымының көтерілуі.  Содан кейінгі  орынды  жүрек-қантамыры кеселі алады.  Диспансерлік есептегі  адамдардың 53-і бала.  Бақытгүл Аятқызы әр науқасты бөлек қабылдап,  жеке сөйлеседі.  Әркімнің ішкі сыры, сырқатының себебі болады.  Науқас адам  жағдайын кеңінен отырып ақтарғысы келеді.  Кейбіреулер  дәрігердің өзін  ықыласпен тыңдағанын қалайды. Шерін тарқатқан соң жеңілдеп қалғанын айтады. Осыны білетін тәжірибелі дәрігер үлкенмен де, кішімен де, ермен де, әйелмен де  ашық-жарқын отырып сөйлесіп,  сырқатынан сауығатынына дәрігер ретінде сендіреді. Қазақта: «Аурудың емі – саудың сәлемі»  деген  тәмсіл бар. Ауыл адамдарының «Бақытгүлге барғанда ауруымыз тарқап кетеді»,– деп қалжыңдауының мәнісі сонда.  Бақытгүл Аятқызы  отыз жылға жуық еңбек етсе де әлі тынбай ізденеді. Өзі үшін Тибет, Шығыс медицинасын зерделейді. Адам жақсы ой ойласа, игі іске талаптанса арманы орындалатыны жайлы көпті көрген қариялар жиі айтады.  Бұл ұстаным ғылымда да дәлелденген. Халық емшілері адамды сендіру арқылы көп аурудан емдеуге болатынын білген.  Кез келген сырқаттан жазылу үшін адамның ішкі сенімі үлкен рөл атқарады.   – Қазір тұрғындар денсаулықты күтуге баса мән беретін болды. Жаз шыға салысымен саумал, қымыз ішуге бет бұрады. Бір кездегідей жаппай арақ-шарапқа әуестену тыйылған. Сондықтан адам өлімі де азайды. Оқыстан болған оқиғадан немесе жазым салдарынан болмаса, адамдар ұзақ жасауға бет бұрды.  Дәрігерлікті алғаш бастаған жылдары  ауылда бір адам қайтыс болса, себебін өзімнен іздеп, жылап жүретінмін. Біреулер түнде келіп көмек сұраса апыл-ғұпыл киініп, жүгіретінмін. Бала-шағам да соған үйренген. «Мама, тез барыңыз, кешігіп қалып жүрмеңіз» деп асықтырады. Кейде алыс жолдан келе жатқандар «қан қысымым көтеріліп кетті» деп келеді.  Бәріне көмек көрсетуге тырысамыз,– дейді денсаулық сақшысы ағынан жарыла.  
Көптің тілеуі – көл. Бақытгүлдің еңбегі  Үкімет тарапынан бағаланып, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағын иеленді.  Қазақстан Республикасы Президентінің  Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және бар. Адал қызметінің арқасында  ел-жұртының алдында абыройлы. Қайда барса да ақ желеңді абзал жанға төрден орын беріледі.  Халықтың алғысына бөленіп жүрген  медицина саласының майталманы ауылдастарының амандығы үшін жаралғандай.
Бет қатталып жатқанда: «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деп басталатын мәтіндегі хат келіпті. Онда тұрғындар Бақытгүл Аятқызының білімділігі мен жауапкершілігіне ризашылық білдіріпті.  – Жас ұлғайған сайын қыңқыл-сыңқылымыз көбейді.  Аяқастынан қан қысымым көтеріліп, жүрек атқақтап шыға келеді. Сондайда бала-шаға жүгіріп Бақытгүлге барады. Айналайын, көсегең көгергір. Көмекке бірден жетеді. Оның жылы сөзі, мұқият жасаған емі алаң көңілімізді  бірдемде орнына түсіреді.  Алғысымызда шек жоқ. Жүз жасасын,– депті Сырлыбаев, Нұрғалымов және Исағұловтар алғыс арқалаған хатта. Ендеше,  көптің алғысына бөленіп жүрген  маманның еңбегіне табыс, ісіне сәттілік тілейік. 


Гүлжан Мұқашқызы.