АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ІНДЕТ КҮШЕЙІП, ТАЛДЫҚОРҒАН "ҚЫЗЫЛ" АЙМАҚҚА КІРДІ

Уақыты: 12.01.2021
Оқылды: 5236
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирустың таралуына байланысты Алматы облысында "қызыл" және "сары" аймақтар пайда болды. Қазіргі таңда Талдықорған өңірінде қауіпті індет қайта өршіді. Осыған байланысты шектеу шаралары күшейтілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлады.

Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен "қызыл" және "сары" аймақтарда шектеу шаралары күшейді. Атап айтқанда, 2021 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша, Алматы облысында КВИ-дың (ковид) 7730 жағдайы тіркелген.

Облыста сырқаттанушылықтың өсуі 2020 жылдың қазан айынан басталды, инфекцияның тіркелуі 3 айда 7,5 есеге артты: қыркүйек - 74 жағдай, қазан – 184 жағдай, қараша – 591 жағдай; желтоқсан – 1386 жағдай. Қаңтар айының 11 күнінде коронавирустық инфекцияның 597 жағдайы тіркелді.

Бүгінде облыс ауруханаларында 434 адам емделуде, оның 29-ы ауыр халде, 357 адам амбулаториялық емделуде.

Коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайы қоғамдық орындарда (сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілері, базарлар) көп тіркелген. Науқастардың 40 пайызы қоғамдық орындардан, 25 пайызы отбасылық араласудан жұқтырған.

Бұл жағдай мереке күндері қала мен оған жақын аудандардың тұрғындары санитарлық дәрігердің талаптарын сақтамай, шектеу шараларын бұзғанын көрсетеді.

Мәселен, жаңажылдық демалыс күндерінен кейін Талдықорған қаласындағы коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай жедел өршіді. Бағалау матрицасына сәйкес, қала "қызыл" аймаққа енді. Ал Көксу, Ескелді және Панфилов аудандары "сары" аймақта қалып отыр.

Ағымдағы жылдың қаңтар айының 11 күні ішінде Талдықорған қаласында 135 адам, Көксу ауданында 62 адам, Ескелді ауданында 41 адам инфекция жұқтырған.

Осыған сәйкес, эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейту мақсатында Талдықорған қаласында, Көксу, Ескелді ауданында 13 қаңтардан бастап демалыс күндеріне (локдаун) қосымша шектеулер енгізіледі. Мейрамханалар мен дәмханалар (алып кету және жеткізу – шектеусіз), ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (азық-түлік базарларын, дәріханаларды, сұлулық салондарын, химиялық тазартқыштарды қоспағанда), жабық базарлардың (азық-түлік және азық-түлік емес), сауналар мен СПА салондардың, спорттық-сауықтыру орталықтары, мұз айдындарының және басқа да нысандардың жұмысы тоқтатылады.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты осы жылдың 21 қаңтарына дейін аталған аймақтардың мектептерінде онлайн оқыту мерзімі ұзартылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан