ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ ОҚУШЫ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШЫҒЫП, ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Уақыты: 21.03.2021
Оқылды: 1259

Ақтөбеде өткен жекпе-жектен балалар мен жасөспірімдер арасындағы ҚР Чемпионатында Талдықорған қаласындағы №17 орта мектептің 8-сынып оқушысы Расул Айдынұлы 36 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Чемпионатқа еліміз бойынша 500-дей спортшы қатысып, облысымыздан 40 шақты жас спортшы бақ сынаған. Солардың ішінен Расул топ жарып, чемпион атанып отыр.

Жас спортшының ендігі арманы – Азия, әлем чемпионаттарында бақ сынау.

- Жеті жасымнан жекпе-жек спортына қатысамын. Алғаш әкем жетелеп алып барды. Бастапқыда қиын болды, қазір еш қиындығы жоқ. Өйткені, көп еңбектеніп, жекпе-жектің түрлі әдіс-тәсілдерін меңгердім. Жаттықтырушым Нұрлан ағай жекпе-жектің қыр-сырын үйретті. Өзіме спорттың қай түрі болса да ұнайды. Сондықтан бұған қосымша самбо, дзюдо, жүзуге қатысудамын. Жекпе-жектен республиканың екі дүркін чемпионы болсам, самбо, дзюдодан облыс чемпионымын. Ал, жекпе-жектің бір ұнайтыны мұнда күрес, ұру, тебу, қылқындыру, төбелестің түрлі әдістері қамтылған, – деді бізге берген сұхбатында Расул.

Ал Расулды кішкентай кезінен баптап жүрген жекпе-жек ұлттық спортынан Алматы облысының аға жаттықтырушы Нұрлан Аманқұлов әр спортшының жетістікке жетуі өзінің еңбектеніп, тер төгуінің арқасы деп біледі. Әрине, бұл тұста жаттықтырушының да еңбегі зор. Спорттан еш хабарсыз баланы баулып, баптап, рух, дем беріп, түрлі қимыл, әдіс-тәсілдерге үйрету оңай іс емес. Нұрлан бапкердің бұл реттегі еңбегі де жемісін беруде. 2011 жылдан бері жекпе-жек ұлттық спорт түрін дамуына үлес қосып, түрлі додаларда топ жарып жүрген спортшыларды даярлап келеді.

Соның бір дәлелі Расул Айдынұлы Текелі қаласында өткен Қазақстан Республикасының, Талдықорған қаласының ашық турнирінде, Көксу ауданының ашық біріншілігінде, Алматы облысының чемпионатында алтын медальдар иеленген.

Расул спортта ғана емес, оқуда да үлгілі шәкірт. Бұл орайда сынып жетекшісі Айна Амангелдіқызы:

– Расул - мектебіміздің мақтанышы. Спортта қаншама жетістікке жетіп жүрсе де, сабағын бір ақсатып көрген емес. Барлық пәнді тек "беске" оқитын, белсенді, озат оқушы, – дейді.

Біз де өз тарапымыздан шынашақтай ғана намысты ұлға биік шыңдарды бағындыра беруін тіледік.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы