БАЛАҢЫЗ СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНАМ ДЕСЕ, СІЗ ЕСКЕРУГЕ ТИІС ЕКІ КЕҢЕС

Уақыты: 01.04.2021
Оқылды: 1081

Ерте ме, кеш пе, әрбір ата-ананы: «Баланы қай үйірмеге беру керек?» - деген сұрақ мазалайтыны анық. Егер балаңыздың спортпен айналысуын қалаған болсаңыз, ең алдымен оның бағытын анықтап алған жөн.

Әдетте, бала үшін спорт таңдаудағы соңғы сөз ата-анада болады. Кез-келген ата-ана ұл-қызының дене бітімінің әсем, жүрісі нық, дені сау болғанын қалайды. Бір көңіл бөлмей жататын жайт - өзіміздің кезінде орындалмай қалған армандарымызды балаларымыз арқылы орындауға ұмтылатынымыз. Егер анасы өзінің гимнастшы болу деген арманы орындалмай қалса, ол қызын гимнастикалық секцияға беруі мүмкін. Немесе футболды жаны сүйген (немесе сүйетін) әкесі ұлының әлемдік футбол жұлдызы болуын қалайтын болар. Ал егер балаңыздың сіз қалаған спорт түріне зауқы немесе қабілеті болмаса, бұл немен аяқталуы мүмкін екенін ойлап көріп пе едіңіз?!

Сондықтан, қателік жібермеу үшін және дәл сіздің балаңызға қолайлы сабақты таңдау үшін мынадай кеңес ұсынғымыз келеді:

1.Баланың қызығушылығын ескеру. Оған спорттың әр түрі туралы, жаттығудың қалай және қайда өтетіні туралы айтып беріңіз. Қандай да бір жарыстар болсын, жаттығу процесі немесе жай ғана аула ойыны болсын оны балаңызбен бірге тамашалаңыз. Сонда балаңыздың бұл спорт түріне қызығушылығын немесе бей-жай қарайтындығын бірден түсінесіз.

2.Баламен педиатрға барыңыз. Бала дәрігерлері белгілі бір жаста бала ағзасының қалай қалыптасатындығын жақсы біледі. Дәрігер тексеру жүргізіп, бұлшықеттердің қандай топтарын нығайту керек және оған қандай дене шынықтыру көмектесетінін айтып береді.

Бұл - әрбір ата-анаға қажетті кеңес. Өйткені, баланың шымыр болып өсуі, тұрақты бір үйірмемен шұғылдануы оның болашақтағы мықты маман болуына алғышарт іспеттес. Сол себепті, бала болашағын қазірден қолға алғаныңыз жөн.

Бағдат МОЛҒАЖДАРОВ,

Алмас АСҚАРОВ,

№2 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан