АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БОКСШЫ ҚЫЗЫ ПОЛЬШАДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Уақыты: 27.04.2021
Оқылды: 871

Алматы облысының спортшылары халықаралық және республикалық додаларға қатысып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Әсіресе, Польшада жетісулық боксшы қыздың жұлдызы жарқырады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Польша мемлекетінің Кельце қаласында бокстан жастар және қыздар арасында әлем біріншілігі өтті. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған Жұлдыз Шаяхметова 60 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды. Түркістан облысында 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасында волейболдан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған республикалық турнир өтті. Бұл сында облыс құрама командасы 1-орынды жеңіп алды.

Қапшағай қаласында маунтинбайктан ерлер, әйелдер, жастар, 13-14, 15-16 жастағы жасөспірімдер мен қыздар арасында ел біріншілігі өтті. Жарысқа жалпы саны 150-ге жуық спортшы қатысты. Тартысты өткен жарыста облыстың намысын қорғаған спортшылар үмітті ақтады. Атап айтсақ, жарыстың бірінші кезеңінде қыздар арасында тауға шығудан жекелей жарыста Виолетта Казакова алтынмен апталса, Бота Батырбекова күміспен күптелді. Ұлдар арасында Константин Казаков жеңімпаз атанды. Жасөспірім ұлдар арасында Дәулет Тоғанбай қола, қыздар арасында Мадина Журтыбаева алтын медальді иеленді.

Жарыстың екінші кезеңінде "Кросскантри олимпик" спортынан жастар арасында Виолетта Казакова және Бота Батырбекова алтынмен апталып, күміспен күптелсе, ұлдар арасында Никита Галкин жеңістің желкенін көтерді. 15-16 жас аралығындағы қыздар арасында Мадина Журтыбаева жеңімпаз атанды. Ал 13-14 жас аралығындағы қыздар арасынан Аружан Абылғазы тұғырдың екінші сатысынан көрінді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы