ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МҰҒАЛІМІ: ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДЫ ОНЛАЙН ОҚЫТАМЫЗ

Уақыты: 23.04.2021
Оқылды: 780

Халқымызда төлөнер ұлттық ойындар жетерлік. Оларды үшке бөлсек, ішіндегі ақыл ой ойынына жататыны – тоғызқұмалақ. Бүгінде интелектуалды ойындардың санатына кірген тоғызқұмалақ ойыны жыл санап дамып келеді.

Кезінде ауыл, ауылдың арасында ғана күн кешкен тоғызқұмалақ, қазір әлемдік деңгейге шықты. Арнайы федерация құрылып, ел ішіндегі жарыстардан бөлек Азия, Әлем чемпионаттары өтіп жүр. Әсіресе Еуропа елдері қатты қызығушылық танытып, біздің төлөнерімізді жақсы меңгеріп алған. Тоғызқұмалақтың дамуының бірден-бір себебі  – ұлттық ойынның мектеп бағдарламасына енуі. 

Бүгінде мектеп жасындағы барлық оқушы тоғызқұмалақ ойнай алады. Арнайы үйірмелер құрылып, жарыстар ұйымдастырылып, оқушылардың зейінін арттырып отырамыз. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты тоғызқұмалақ ойынын онлайн режимде өткізіп жүрміз. Жаңа технологияға өте бейім және ыңғайы келетін болғандықтан, оқушыларға тоғызқұмалақ ойыны жайлы сабақ өткізу өте жеңіл. Оқушы мен мұғалімнің арасындағы онлайн байланыс, ойын арқылы айшықтала түсіп, сабаққа деген белсенділік артады. Қазіргі уақытта әлемдік додаға да онлайн арқылы қатысуға және интернет жүйесі арқылы тоғызқұмалақ ойынын ойнап үйренуге болады. Мұны біз әр сабақта кеңінен қолданып, оқушыларды әлемнің түпкір-түпкіріндегі ойыншылармен бақ сынатуды жоспарлап жүрміз. Біздің мектепте тоғызқұмалақты жетік меңгерген оқушылар өте көп. Бұл – біз үшін де, ұлт үшін де мақтанарлық жайт.

Мирас ОҢАЛБЕКОВ,
№2 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі
Талдықорған қаласы