ОҚУШЫНЫҢ ДЕНЕ ҚОЗҒАЛЫСЫ АЗ БОЛСА, САБАҚҚА ДЕГЕН ЫНТАСЫ ЖОҒАЛАДЫ

Уақыты: 24.05.2021
Оқылды: 2287

Мектеп жасындағы балаларға жаттығу жұмыстары көп өтеді. Бүгінгі таңда оқушыға ең керектісі - жаттығу жұмыстары. Карантиндік шараға байланысты оқушылар онлайн оқу үрдісіне көшкені барлығымызға аян. Осы орайда білім алушылар телефон, компьютер арқылы сабақ оқиды. Дәл осы кезде оқушыда қозғалыс кезі аз болғандықтан адам тез шаршап, жас жеткіншектің дене бітіміне көп кедергісі тиіп жатады. Сабаққа да ынтасы болмайды.

Сондықтан, дене шынықтыру мұғалімдерінің көмегі орасан зор. Сол үшін де дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері дене қозғалысы, яғни, жаттығу жұмыстарын көп өткізеді. Дене шынықтыру сабағын онлайн өткізгендіктен оқушымен арадағы байланыс көп қиындық туғызбайды. Оқушыға ең бірінші жеңіл жаттығуларды көрсетеміз, одан кейін оқушының орындауын бақылаймыз. Бұл ретте буындарға қатты күш түспеу үшін ең бірінші саусақтармен жұмыс, одан кейін білек, иықты айналдыру жаттығулары өтеді.

Мұны орындап біткеннен кейін омыртқа мүшесіне жаттығу өткіземіз. Онда ең бірінші басты оңға, солға бұру, басты айналдыру секілді жаттығу жасалады. Аяқпен жұмыс кезінде ең бірінші аяқтың басынан бастап, қолға істелген жаттығу секілді буындарды қозғау арқылы жаттығулар жасалып, оқушы орнынан отырып-тұру секілді жаттығуды орындайды. Оның барлығы мұғаліммен бірге істеліп, үнемі бақылауда болады. Буындармен жұмыс атқарылып біткесін, денені жеңілдеткіш жұмыстарға көшеміз. Мұнда бала орында тұрып, секіру жұмыстарын орындайды. Бұл алдындағы ауыртпалықты сейілту үшін атқарылады. Осы кезде баланың бойында қан жүгіріп, жүрек жұмысы жақсарады. Яғни, күні бойы телефонға үңіліп, құрысып қалған денені жазу үшін көп септігі тиеді. Мұндай жаттығуларды тек қана оқушы емес, әр жастағы адам үйде жасауға болады. Адам денсаулығының жақсаруына, өзін жеңіл сезінуіне септігін тигізеді.

Болат ЖУСАНБАЕВ,

№2 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан