ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМГЕ СПОРТЫ МЫҚТЫ ДЕРЖАВА РЕТІНДЕ ТАНЫЛУЫ ТИІС

Уақыты: 01.06.2021
Оқылды: 1070

Әр бала қабілетіне қарай спорттық үйірме түрлерін таңдайды. Осы орайда мектебімізде дене шынықтыру мұғалімдері командалық ойындар және жекелей жарыстар, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, жүзу, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелерін жүргізеді.

Спорт үйірмесі – сабақтан тыс уақыттағы дене тәрбиесі оқытушысының маңызды жұмысының бірі. Спорттық секция адамның денсаулығын нығайтып қана қоймай, спорттық мүмкіншіліктерін артырады. Тәртіп пен ұжымдық түсінісушілікке үйретеді.

Мектебіміздің баскетбол үйірмесінің қатысушылары - ұлдар командасы, 2018-2019 оқу жылында қалалық, облыстық чемпионаттарда І орын иеленсе, волейболдан қыздар командасы қалалық чемпионатта 1-орыннан көрінді. Сондай-ақ, оқушыларымыз тоғызқұмалақ, дойбыдан облыстық, қалалық жарыстың жеңімпаздары. Ал, жүзуден 8-9 сынып оқушылары – қалалық жарыстардан 1-2-орын алған. Оқушылар жекелей облыстық және республикалық жарыстарда жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінуде.

Балалар мен жасөспірімдер қаламыздағы спорт кешендеріндегі үйірмелерге 60 пайыз қатысады. Жастарды спортқа баулу, чемпиондарды үлгі ете отырып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, жеңімпаз спортшылармен кездестіріп, шеберлік сыныптарын ұйымдастырамыз.

Мектеп қабырғасында жарыстар, спортакиадалар мен лигалар, басқа да спорттық бәсекелерді бір мезгілдік шара күйінде қалдырмай, жүй­елі, тұрақты, жыл сайын өте­тін дәстүрге айналған.

Қазіргі таңда мектебімізде жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыруға, олардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортасын таза ұстауға және жоғары сапалы білім беріп жүрген мұғалімдер құрамы жұмыс істейді. Жыл сайын қала, облыс көлемінде мұғалімдер арасында спорттың 5 түрінен спортакиада өткізіліп тұрады. Дәстүрлі кәсіподақтық спортакиада жарыстарында волейбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ ойындары ұйымдастырылып, ұстаздарымыз жақсы нәтижелер көрсетуде.

Ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, білім сапасын жақсарту жолында мектеп, ата-ана жане оқушы үштік одақ болып жұмыла белсенділік танытса, оң нәтижеге қол жеткізу аса қиынға соқпайды. Осы орайда мектеп және ата-ана байланысын жүйелі жолға қойып, екі жақтың көңілінен шығар жаңа жүйе енгізіп отырған мектеп директоры Қайрат Сарқытовтың бастамасымен шағынаудан ата-аналары арасында жазғы, қысқы спартакиадалар өтеді. Сайыстар барысында әрбір қатысушы спортқа деген қызығушылығын көрсетіп, өздерін спортта еш осал емес екендігін дәлелдеп келеді. Сайыстардың қорытындысы марапаттау рәсімімен жалғасып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мектебіміздегі «Қамқоршылық кеңесі» тағайындаған медаль, грамота және жекелей естелік кубоктары табысталады.

Мемлекетіміз спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әр­дайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Мемлекет та­рапынан бөлініп жатқан қар­жы­ның көмегімен биылғы оқу жылында мектебіміздің сыртқы спорт алаңы толығымен жаңарды. Мектептің материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған.

Денсаулықты нығайту, тұрғындарды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға жұмылдыру, еңбек пен күнделікті өмірде қажетті қозғалыс дағдыларын дамыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. «Денсаулық – өмір тірегі, сонымен сәнің кіреді» деп дана халқымыз айтқандай белсенді спортты қолдайық.

Сөз соңында айтарымыз, мұндай спорттық шаралар бұқаралық спорттың дамуына үлкен үлесін қосады. Қазақстан әлемге қуатты спорттық держева ретінде танылуы тиіс. Сол үшін елдегі әрбір азамат белсенді түрде спортпен шұғылданғаны дұрыс. Сол үшін де ел Президенті Жолдауында айтқандай Үкімет пен әкімдер әр өңірде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды қолға алуда.

А.ЖАПАРОВ,

«М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы