3000 ШАҚЫРЫМДЫ БАҒЫНДЫРДЫ

Уақыты: 13.06.2021
Оқылды: 1006

Өткен айдың 5 мамырында жетісулық Алмат Балтабеков Нұр-Сұлтан қаласынан Талдықорғанға велосипедпен шыққан еді. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жалпыұлттық жобасы аясында еліміздің 7 облысын басып өтіп, 3000 шақырымды бағындырды. Қорғалжын, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Жетісай, Тараз, Алматы секілді қалаларға барып, Талдықорғанға табан тіреді.

Сапарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған Алмат ішкі туризмді дамытуды, еліміздің көрікті жерлерін насихаттауды мақсат еткенін айта келіп:
– Қазақтың қонақжайлығы әлі күнге сақталғанына қуандым. Шатыр құрып жатқан жерімнен үйлеріне алып барып, ас-суын ұсынған жандар көптеп кезікті. «Құдайы қонақ» ұғымының маңызын жоғалтпай келе жатқанына көз жеткіздім. Тек ата салтымыз солтүстік өңірлерде ұмытылып бара жатқандай сезілді, – деп жоспары бойынша 45 күнді қамтуы керек болған сапарды 34 күнде аяқтағанын, жол жүру кезінде қиындықтарға да тап болғанын жасырмады. – Қатты найзағай соғып, дала қараңғыланып кетті. Ең жақын елді мекен кемі 20-30 шақырымнан кейін. Тіпті, бұршақ жауып, велосипедімді алыс қоюға мәжбүр болдым. Алда-жалда найзағай түссе, темірге түссін деген мақсатпен. Осылайша бір сағат күтіп отырдым. Жүк көліктерінің жол бермей, қысып кетуі, аптап ыстықта суым таусылып қалған сәттер аз болмады.
Алмат Балтабековтың айтуынша, жүріп өткен жолдарының басым бөлігінде қоқыс көп. Қолдан келгенше өзгелерге айтып, өзі де жинастырыпты. Шетелден келген туристерге шашылып жатқан қоқыс ерсі көрінері анық. Сол себепті, барлық қазақстандықты тазалық сақтауға шақырды.
Алмат Жетісудың тумасы. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Қазіргі таңда Елордада психолог мамандығымен қызмет етіп жүр. Жерлестері Талдықорғанның кіреберісінен құшақ жая күтіп алды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы мұрындық болған шараға Алматтың ата- анасы, достары және қаламыздың спортсүйер жас велошабандоздары қатысты. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров салауатты өмір салтын насихаттап жүрген Алмат Балтабековке Алғыс хатпен бірге сыйлық табыстады. 

Мәулен ӘНЕРБАЙ