ТАШКЕНТТЕ ӨТКЕН ТРИАТЛОННАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 15.06.2021
Оқылды: 1187

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс ақын бекер жырламаса керек. Бар ғұмырын спортқа арнап келе жатқан Бақытжан Бектенов жуырда ғана Ташкентте өткен триатлоннан жеңіспен оралды. Ардагер спортшы 60 жастан жоғарғылар арасында сынға түсіп, ешкімге дес бермеді.

Чемпионның жеңісті жолы бірінші рет емес. Бұған дейін байрақты бәсекенің барлығында жеңіс тұғырынан қол бұлғаған. Триатлон спортында "Темір адам" атанған Бақытжанға тең келетін ешкім жоқ. Жүгіруде шашасына шаң жұқтырмаса, суға жүзуден алдына қара салмаған, ал велосипед тебуде ешкім қуып жете алмайды. Жасы алпыстан асып кетсе де жастардан кем түспейтін Бақытжан Бектенов салауатты өмір салтын берік ұстанған жан. Осындай қажырлы еңбегі мен жеңісті күндері көп Бақытжан Бектеновті ел азаматтары құрмет-қошеметке бөледі.
Ташкенттен жеңіс туын желбіретіп келген Бақытжан Бектеновті ел азаматтары екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің кесенесінің алдынан тосып алды. Қазақы салт бойынша Нұрмолда атаның басына тағзым жасап, жеңімпаз ұлын құттықтады. Елдің абыз ақсақалына айналған Наурыз Қылышбаев сырт елде Қазақстанның туын көтеріп, Гимнін шырқатқан Бақытжан Бектеновке бата берді. Ақсақалдың берген батасы Бақытжан спортшының алдағы жарыстарына дем беретіндей. Құрметтеуге келген азаматтар ақсақалдың батасынан кейін Бақытжан Бектеновтің астына ат мінгізіп, мерейін тасытты. Бұдан бөлек «Қазақстан патриоты» деген төсбелгі тағып, абыройын арттырды. Өз кезегінде Бақытжан аға құрметке бөлеп, сый-сияпат жасаған ел ағаларына алғысын білдіріп, алдағы жарыстарда ел намысын қолдан бермейтінін жеткізді. Жарыс мұнымен аяқталып қалмайтынын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. 
Жалпы алға қойған үлкен үш жоспары бар екен. Ол үш этапты сынаққа түспекші. Біріншісі, осы Ташкенттегі триатлон жарысы болса, екіншісі «Бабалар жолы» деген атпен Түркістан – Қытай арасын жүгіріп өту. Яғни Түркістандағы бабалардың басына барып, одан кейін Қытай елінде жатқан Мұқалы батырдың жерленген жеріне дейін жүгіріп баруды жоспарлап отыр. Үшінші этап Жеңіс күніне арнап, Берлинге дейін жүгіру. Міне, осындай жоспарларды қолға алған Бақытжан Бектеновке ел ағалары сәттілік тіледі.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ