АУЫЛ СПОРТЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

Уақыты: 15.06.2021
Оқылды: 1407

Үмбетәлі ауылында белгілі былғары қолғап шебері, бокстан республикалық дәрежедегі төреші, ұлағатты ұстаз Батырхан Батталовтың құрметіне іс-шара өтті. Кешті осындағы орта мектептің қолдауымен Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалды музейі ұйымдастырды. 

Саналы өмірін ұстаздыққа арнап, бокстан жастар арасында бірнеше дүркін облыстық, республикалық, тіпті халықаралық чемпиондар шығарған мерей иесіне музей қызметкерлері мен мектеп ұжымы зор құрмет көрсетті. Салтанатты шараның шымылдығын Ү. Кәрібаев музейінің меңгерушісі Әуелбек Ысқақов ашып, музей мен мектеп бірігіп дайындаған бейнебаян көрсетілді. Той иесін құттықтаған Үмбетәлі орта мектебінің директоры Оксана Тастанқызы аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінің марапатын тапсырды. 
Алпыстың асқарына шыққан Батырхан Аманжолұлының өмірбаяны мен спортта бағындырған белестерінен, ұстаздық қызметінен сыр шертілді. Батырхан Батталов 1961 жылы осы ауылда туған. 1978 жылы Қазақ спорт және туризм академиясының бокс факультетіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтаған соң туған ауылына келіп, қырық жылдан астам денешынықтыру пәнінен сабақ берді және жаттықтырушы болды. Оның спортқа деген ынтасын оятқан ұстазы марқұм Нұрбай Қарашолақов пен Болат Қарабалин еді. Әкесі Аманжол да елге сыйлы, ауыл мен Үмбетәлі музейінің көркеюіне үлес қосқан ардақты ақсақалдардың бірі болды. Осындай әкеден тәлім алған Батырхан білім-білігін ауыл жастарын спортқа баулуға арнап, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. 
Одан тәлім алған Марат Әбжанов, Берік пен Ғалымжан Шошықбаев, Арман Қорғанбаев, Медет Балтабай, Николай Тютшев, Жандос Додабай, Данияр Бөлегенов, Ақжол Аманжол сияқты боксшы жастар республикалық, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғады. Олар өмірден өз орындарын тауып, спортта және басқа да салаларда жүр. 
Ұлағатты ұстаз, білікті мұғалім, білгір бапкер отбасында үлгілі отағасы атанды. Қашан көрсек те жастарға ақылын айтып, педагогиканың қыр-сырын үйретуден жалықпайтын тәлімгердің еңбегі ауған соғысы ардагерлерінің де назарынан тыс қалмады. Кеште оған осы ұйым белгілеген «Құрметті ұстаз» медалі табысталып, әріптес спортшылар да жылы лебіздерін білдірді. Мектептің жас ұстаздары Батырхан ағаларының өмірінен шағын сахналық қойылым көрсетті. Кеш қонақтары мерейтой иесінің спорттағы жетістіктерін паш ететін «Спорт туын желбіреткен» атты көрмені тамашалады. Батырхан Батталов қоғамдық өмірге белсене атсалысатын азамат. Әсіресе, 1986 жылы Халық ақыны Ү. Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейі ашылғанда, атаның көршісі ретінде музейге көптеген құнды жәдігерлер өткізіп, кейіннен ақынның әр жылдардағы мерейтойларына бокстан облыстық, республикалық жарыстар өткізуімен ел алғысына бөленген жан.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы