СҰЛУЛЫҚҚА СПОРТ КЕРЕК ПЕ, ЖОҚ ӘЛДЕ СПОРТҚА СҰЛУЛЫҚ КЕРЕК ПЕ?

Уақыты: 12.06.2021
Оқылды: 1429

Біздің анықтама: Алия Баткульдина 1995 жылдың 18 қарашасында Өскемен қаласында дүниеге келген. Волейболмен он үш жасынан бастап айналысады. 
Алғашқы бапкерлері – Н. Саратов, Н. Благов,
О. Сычев. Өскемендегі №39 және спорт мектептерінің түлегі. Бүгінде туған қаласындағы Қазақстан – Американдық еркін университетінің қаржы факультетінің 4-курс студенті. Әкесі Нұржан Батқұлдин мен анасы Зебониссо Батқұлдина бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Әлияның алдында Әли Қадесов есімді ағасы бар. 

Саған басқа клубтардан да шақыртудың түсетіндігі белгілі. «Жетісуға» қайта оралуға қандай мақсатта келісім бердің? Қандай шарттары ұнады?
– Негізгі мақсатым – Қазақстан чемпионы болу. Жалпы «Жетісу» клубы маған ұнайды. Қалыптасқан қағидалары мен белгілі ұстанымдары бар. Барлық шарттары ұнады.
– Клуб ауыстыру тұрақсыздық па, жоқ әлде деңгейдің өсуі  ме?
– Волейболға бірінші жаттығудан бастап ғашықпын. Мен жаспын, дәл қазір – тәжірибені молынан жинайтын шақ. Деңгейді өсіру жолындағы әрекеттер деп білемін.  
– Азия елдерінде көп болдың. Қай елдің салт-дәстүрі, мәдениеті ерекше ұнады?
– Әр мемлекет – әртүрлі. Барлық елдер ұнады. Әр ел өзінше керемет. 
– Волейболға келгеніңе өкінетін сəттер бола ма? Ал волейболшы болмағанда, өзіңді қай саладан көретін едік. Мүмкін сəнгер?..
– Жоқ. Өкінетін сәттер мүлдем болған емес. Жарақат алмасаң болды, бәрі жақсы. Басқа саланы ойлап көрмеппін. 
– Сұлулыққа спорт керек пе, жоқ әлде спортқа сұлулық па? 
– Сұлулықпен спортты біріктіру арқылы керемет үйлесімдікті көрсетуге болады. Волейбол  – ақылдың ойыны және көркем спорттың бір түрі. Спортқа сұлулық, сұлулыққа спорт ешқандайда кедергі келтірмейді. Керсінше бір-бірін ашып, одан сайын көркемдей түседі. 
– Бүгінде волейболдағы қазақ қыздарының саны артып келеді. Бәрі көрікті. Бірақ неге Ветьнам, Тайпей сынды елдердегі турнирлерде анықталып жатады?! Өз елімізде де осындай бір титул керек сияқты.
– Жеке өзіме ондай титулдардан гөрі «үздік байланыстырушы» деген титулдың жоғары тұратындығын айта кетейін. Жақсы ойнап, үздік шығып жатсаң сол жақсы. 
– Байланыстырушы. Қай уақыттан бері осы ампулада ойнайсың, таңдауға не себеп болды?
– Он бес жасымнан бастап байланыстырушымын. Бұл – сол кездегі менің төрт бапкерімнің шешімі. Жаттығу кезінде мені байланыстырушы есебінде көрді, байқады, солай шешім қабылдады. 
– Биылғы «Жетісудың» құрамындағы ойыншылардың басым көпшілігі Ұлттық құраманың ойыншылары. Жалпы бәрін бір командаға тоғыстырудың артықшылығы, болмаса кемшілігі бар ма?
– Бұл – бапкердің шешімі. Әр ойыншының өз міндеті бар. Жалпы ұжымдағы қыздардың бәрі – кез келген командаға қосып жіберсең, ойнап кете алатын жақсы ойыншылар. Артықшылық болмаса, кемшілік көріп тұрғаным жоқ. 
– Еліміздің таңдаулы клубтарының бірі саналатын «Жетісудың» бүгінгі құрамын, жаттығудың қалай өтетіндігін туралы да айта кетсең. 
– Командамыз өте жақсы. Көпшілігі жас ойыншылар.  Бәріміздің бір ғана мақсатымыз бар, ол – чемпион болу. Өз мақсатымыздың жолында барымызды саламыз. Жаттығулардың барлығы керемет әрі көңілді өтіп жатыр. Күніне екі сағаттан екі уақыт жаттығу жасаймыз. Аптасына екі рет жаттығу залдарына барсақ, әр сенбі күні екі командаға бөлініп, өз арамызда кездесулер өткіземіз. 
– Жанкүйерлердің өзіңе деген ілтипаты ерекше. Тұтас бір зал есіміңді атаған сәттер де болды. Бұл ойыншыны өсірмесе түсірмейтіндігі анық. Ондай сәттерде өзіңді қалай ұстайсың? Өзіңе артылған үміт пен сенімнің салмағын айтып берші.
– Ондай сәттерге кез келген ойыншы қуанады. Жанкүйерлердің үмітін ақтауға бар күш-жігерімді саламын. Жалпы жеке өзім жанкүйерлердің әрқайсысын құрметтеймін. Ойын соңында суретке түсіп, уақыт болса азды-кем сөйлесіп аламын. 
– Жанкүйерлерден өзіңе берілетін сыйлықтардың санында шек болмайтындығына сенімдімін. Көңіліңде ерекше қалған сыйлыққа тоқталшы.
– Жанкүйерлерге рақмет айтамын. Барған жерімізде сыйлап, естелікке әртүрлі дүниелер беріп жатады. Шетелде бір жанкүйер жеке өзіме әуежайдан түсе салған сәтте гүл және алма сыйлады. Уақытын қалай, қайдан білгенін білмеймін. Сол сәт ерекше болды. Жалпы жанкүйерлердің ыстық пейілін бөліп-жарып қарай алмаймын. 
– Спорттан кейінгі өміріңді елестетіп көрдің бе?
– Ол жағын әлі ойламадым. Жас болғаннан кейін кәсіби спортшы есебінде деңгейімді өсіру үшін күш жұмсап жатырмын. Негізгі мақсат – еліміздің Туын әлемдік ареналарда абыроймен қорғау. Ал спорттан кейін алған білімім бойынша қызмет істеп, өмірден өзіндік ләззат алу шығар, әлі нақты білмеймін.

Серік  ҚАНТАЙ
Жеңіс ЫСҚАБАЙДЫҢ фотосы