БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕКТІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

Уақыты: 14.06.2021
Оқылды: 1579

Талдықорғанда бұқаралық ақпарат құралдары арасында кіші футболдан қазақ журналистикасының жарық жұлдызы Бейсен Құранбекті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Додаға өңіріміздегі қаламгерлермен қоса Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Өскемен қалаларынан келген командалар қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған облыстық "Жетісу" телеарнасы директорының орынбасары Досан Қызайбекұлы: 
– Қазақтың қабырғалы қаламгері Бейсен Құранбек әр әңгімесінде елдің өсіп-өркендеуін, ауызбіршілігін тілге тиек етіп отыратын. Сондай-ақ, қазақ жастарының жігерлі де қайсар болғанын қалады. Сондықтан бүгінгі жарыстың мақсаты – жастарды спортқа, отаншылдыққа баулу. Бейсекең ұлтын шексіз сүйген азамат еді. Қазақта: «Аруағын ардақтаған елдің ұрпағы тозбас» деген жақсы мақал бар. Болашақ ұрпақ елі үшін еселі еңбек еткен жанды мәңгі ұмытпауы тиіс. Біз Бейсен сияқты азаматтардың өнегелі жолы арқылы келешегі мықты жастарды, рухты перзенттерді тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан додаға қатысқанның өзі әр команда үшін үлкен жеңіс, – деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Осыдан кейін сөз алған Алматы құрамаларын бастап келген Шоқан Мақан мен Есей Жеңісұлы Бейсен ағамыз жайлы жылы естеліктер айтып, жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Доданы ұлт перзентінің інісі Нұрхан Төлегенұлы ашық деп жариялады. 
Жарыстың облыстық спорт басқармасы, «Жетісу» телеарнасы, мәдениет басқармасы, жастар саясаты, Жетісу университеті, Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық филиалы, қала әкімдігі және Бейсен ағамыздың досы Айтқали Бекеев ағамыздың мұрындық болуымен өткенін айта кеткеніміз жөн. Ұйымдастырушылар болашақта бұл турнирдің дәстүрге айналатынын және ауқымы кеңейетінін айтты.
Ала доп аламаны санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті. Сайыс тартысқа толы болды. Публицистика шеберлері ала допты ұршықша иіріп, әдемі ойын өрнегін көрсетті. 
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Алматы құрамасы» командасы қанжығасына байлап, 250 мың теңгенің сертификатын иеленді. 2-орынды еншілеген Жамбыл облысынан келген «TARAZ-PRESS» командасына 150 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал 3-орын алған «Шымкент» командасына 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Әр аталым бойынша үздік ойыншылар анықталды. Атап айтсақ, «Шығыс ақпарат» командасынан Әділхан Есімхан «Үздік қақпашы», «Қарекет» командасынан Думан Алтынбекұлы «Үздік қорғаушы», «Ақмешіт» командасынан Әділбек Жаханов «Үздік шабуылшы», «Жетісу» командасынан Бауыржан Сатыбалды «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алды. «Ардагер ойыншы» номинациясын «Қазақ газеттері» командасынан Дәурен Берікқажы иеленді.  
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ұлт перзентінің інісі Асқар Құранбек, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, Ескелді ауданының әкімі Рустам Әли марапаттады.

Айдар ҚАЛИЕВ