ҰЛАН РЫСҚҰЛ: «СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ МЫҚТЫЛЫҒЫМЕН ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТТЫ»

Уақыты: 01.07.2021
Оқылды: 1616

Биыл Тәуелсіздігімізге отыз жыл. Қазақ елі үшін бұдан асқан мереке жоқ. Аталарымыздың аңсап жеткен ұлық мерекесі өскелең ұрпақ үшін қастерлі де қадірлі болмақ.

Біз нағыз тәуелсіздіктің құрдасымыз. Әкелеріміз екі кезеңнің естелігін еске алатыны сөзсіз. Ал біз нағыз тәуелсіз қазақ елінің жақсылығын жырлауға дайынбыз. Мен кәсіби спортшымын. Алдыңғы аға буын ардагер спортшыларымыз Кеңес кезіндегі қиыншылықтарды айтып отырады. Спорттық салада түрлі кедергіге тап болып, жаттығу залдарының тапшылығы, дүбірлі додадан іркіп қалу жайлы жиі баяндайды. Ал біздің уақыт  ең бақытты шақ, жақсылығы мен жетістігі мол кезең. Үлкен спортқа аяқ басқанға дейін түрлі спорттық секцияларға қатыстық. Барлығы тегін, оқу-жаттығуға арналған құралдар жеткілікті. 

Кәсіби спортта да жолымыз жеңіл болды. Ағаларымыз көрген қиыншылықты бастан өткермедік. Заман талабына сай соңғы үлгіде салынған жаттығу залдарында жаттықтық. Елішілік жарыстардың қақ ортасында елдің намысын жырттық. Ұлттық патриотизм тұла бойыңда тасып, халықаралық ареналарда атой салдық. Сол уақытта Көк байрақты желбіретіп шыққанда күллі әлемнің назарын өзіңе аударасың. Осының барлығы Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін.

Әсіресе әлемдік додада бақ сынағанда кеудеңді қуаныш кернейді. Небәрі отызға жаңа толған жас мемлекеттің ұл-қыздары атойлап шапқанда өзге мемлекеттің спортшылары қызыға қарайды. Мен оны талай мәрте өз көзіммен көрдім, шынайы сездім. Әрине, алғашқы жылдары бізге менсінбей қараған кездері де кездесті. Бірақ, біздің талантты спортшыларымыз өздерінің мықтылығымен әлемді мойындатты. Біз қазір спорттық державаға айналдық. 

Мен спортшы ретінде мына нәрсені айтайын. Отыз жыл  ішінде елде  салынған инфрақұрылымдарды, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін баяндамай-ақ қазақ даласында өткен дүбірлі жарыстарды жіпке тізейін. Күн санап өсіп, өркендеп келе жатқан Қазақстан Республикасы күллі әлемнің басын қосқан қаншама чемпионаттарды өткізді. 2011 жылы қысқы Азиада ойындары, одан кейін Универсиада, дзюдо мен бокстан, күрестің үш түрінен әлем чемпионаттары өтті. Осының барлығы тәуелсіздіктің арқасы. Қазақ елінің әлем алдында беделінің жоғары екенін байқатады. Егер біз отыз жыл бойы мұндай дәрежеге жетпесек, бізге айтулы бәсекелерді сеніп тапсырмасы анық. Сондықтан да біз, тәуелсіз Қазақстанның спортшылары, менің замандастарым, мұқым жастар, тәуелсіздік тәңірдің сыйы деп бағалауымыз керек және оны қастерлеу – біздің басты міндетіміз. Барша қазақ елін ұлық мерекемен құттықтаймын!

Ұлан РЫСҚҰЛ,
тұңғыш «Қазақстан Барысы»