ҚАЗІРГІ ЖАСӨСПІРІМДЕР ФУТБОЛҒА ҚЫЗЫҒА МА? ҚАШАН ЧЕМПИОН БОЛАМЫЗ?

Уақыты: 18.07.2021
Оқылды: 1247

Менің футбол десе жарғақ құлағы жастыққа тимейтін һәм ішкен асын жерге қоюға әзір тұратын бірнеше досым бар. Солардың қасында жүріп, айтқан әңгімелерін естіп, өзімнің де осынау спорт түріне қызығушылығым арта түсті. Біз секілді жер бетінде аяқдоп өнерінің жанкүйерлері қаншама десеңізші? Иә, күллі әлемнің назарын аударған футбол ойыны уақыт озған сайын адамзат баласын таңдандырып келеді. Қазір шет мемлекеттерде бұл спортқа айрықша көңіл бөлініп, оны дамытудың жолдары жан-жақты жүзеге асырылуда. Ал бізде ше?

Бұл үрдіс біздің елде де бар. Бірақ қанша талпынсақ та қазақ футболының айы оңынан тумай-ақ қойды. Аяқдоп өнерін  өркендету үшін түрлі амал жасалып жатыр. Десек те, Қазақстандағы футболдың жай-күйі әлем елдерімен салыстыруға мүлдем келмейді. Сонда біз қашан Испания, Германия, Италия, Бразилия, Франция, Англия, Португалия сынды футболы қарқынды дамыған елдердің қатарына қосыламыз?

Осы сауалға жауап табу үшін әрі бүгінгі жасөспірімдердің футболға қызығушылығын білу мақсатында біз балалар мен жасөспірімдерді футболға дайындайтын Алматы облысындағы мамандандырылған спорт мектебіне бардық. Бұл жерде мектеп директорының орынбасары Әсет Нұрғалиұлымен сөйлесудің орайы келді. Оның айтуынша, қазақ футболының жағдайы екі негізгі мәселенің түйіні шешілгенде ғана оңалады.

«Егер шынымен қазақ футболына жанымыз ашыса, алдымен инфрақұрылымды дамыту қажет. Мойындау керек, қазір стадиондар жоқ емес, бар. Бірақ, біздің климат Бразилия немесе Африкадағыдай емес. Осы жағынан келгенде бізде қыс мезгілінде футбол ойнайтын жабық алаңдар жоқтың қасы. Ал Талдықорған қаласындағы «Жастар», «Өркен» сынды спорт кешендері көп жағдайда бос бола бермейді. Жарайды, үлкендер қары күрелген стадионда ойнай береді делік, кішкентай балалар ше? Оларға суық күнде жаттығу жасату мүмкін емес. Мәселен, қазір облыс орталығындағы 400-ге жуық бала осының салдарынан дайындықты кейінге қалдыруға мәжбүр», - дейді мамандандырылған спорт мектебінің өкілі. Сондай-ақ, ол бапкерлердің біліктілігін арттыру маңызды екенін қадап айтты. Онсыз қазақ футболын дамыту мүмкін емес.

«Мен өткен жылы Нұр-Сұлтанға барып, Барселонадан келген жаттықтырушылардан тәлім алдым. Сол жерден үйренген әдіс-тәсілдерді өзіміздің балаларға көрсеттім. Нәтижесінде, күнделікті жаттығуымызға өзгерістер еніп, балалардың шеберліктері арта түсті», - дейді Ә.Нүсіпов. 

Айта кетейік, бұл мектеп облыс әкімдігінің қолдауымен 2006 жылы құрылған. Қазір мұнда 28 жаттықтырушы, 1 аға бапкер жұмыс істейді. Сегіз ауданда (Алакөл, Ақсу, Қаратал, Ескелді, Көксу, Панфилов, Іле, Кербұлақ) мектептің филиалдары бар. Жалпы, облыс бойынша футбол мектебінде 900-ден астам бала жаттығу жасайды.

Мамандандырылған спорт мектебіне балалар 5 жастан бастап қабылданады. Кейін 16 жасқа толғанда олар «Жетісу» футбол клубына жіберіледі. Оқу ақысы жоқ, барлығы тегін. Егер баланың футболға қызығушылығы болса, мектеп есігі әрдайым ашық. Бір ғана талап бар – жас жеткіншектің денсаулығы жақсы болуы керек. «Жетісу» клубы демекші, осы кәсіби команданың мамандары мектепке келіп, жақсы ойнайтын футболшыларды өздері таңдап алады екен. Қазір осы клубта спорт мектебінің 8 баласы құрама сапында ойнап жүр.

Әсет Нұрғалиұлы футболдан облыстық, республикалық чемпионаттар өтіп тұратынын да атап өтті. Мектеп құрылғалы «Болашақ» командасы ел біріншілігін 5 рет ұтып, үздіктер қатарынан көрінген.

Айталық, жуық арада мектеп ұжымы футболдан Талдықорған қаласының арнайы чемпионатын ұйымдастырмақшы. Негізі, бұл турнир бұрындары мектептер мен аула клубтарының арасында өтіп тұратын. Неге екені белгісіз, аталмыш жарыс кейінгі жылдары болмай жүр. Енді осы үрдіс қайта жанданбақ. Бұл бір жағынан балалардың жазғы демалысы қызықты өтуіне ықпал етеді және футболға деген қызығушылықты арттырады дейді мамандар.

Ілияс Мұхаметжанов – ІІ санаттағы жаттықтырушы. Оның осы мектепте жұмыс істеп жүргеніне 5 жылға жуық уақыт болыпты. Қазір тобында 22 бала бар. Аптасына үш рет соларға «Болашақ» стадионында жаттығу жасатады және сенбі, жексенбі күндері басқа командалармен жолдастық кездесу өткізеді. Айтуынша, шәкірттерінің арасында болашағынан үміт күтуге болатын қабілетті балалар жетерлік.

– Негізі, балаларды футболға тарту қиын емес, шақырсаң келеді. Бірақ, сол келген балаларды ұстап қалу қиынның-қиыны. Көбісі бір-екі жаттығудан кейін ақырындап қаша бастайды. Сондықтан оларды барынша қызықтыруға талпынамыз, – дейді жас бапкер. 

Біз осы орайда оның шәкірттерін сөзге тартып, футбол әлемінде кімге еліктейтіндерін тыңдап көрдік. Мәселен, Мұхамеджан Абдурахман 7 жасынан бері футболмен тұрақты түрде шұғылданып келеді. Ол норвегиялық жас футболшы Эрлинг Холандты өзіне үлгі тұтады екен. Келешекте сол секілді әлемге әйгілі шабуылшы болуды қалайды. 

Ал Әлихан Әбілметтің футболға келгеніне 4 жылдан асқан. Негізі, 6 жасынан бастап аладоп ойынына қызығушылығы артыпты. Бастапқыда кумирі португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду еді, қазір қақпашы болып жүргендіктен испаниялық футболшы Икер Касильясты үлгі тұтады. «Болашақ» командасының тағы бір ойыншысы – Сұлтан Ертіс. Ол алдағы уақытта Лионель Месси (аргентиналық) секілді кәсіби футболшы болуды армандайды.

Байқағанымыздай, бұл балалардың біреуі де қазақстандық футболшылардың есімін атамады. Барлығы шетелдік спортшылардың өнеріне тәнті. Солар сияқты әйгілі футболшы болуды өздеріне мақсат етіп алған. Лайым солай болсыншы. Мүмкін бұлардан кейінгі ұрпақ отандық саңлақтарды үлгі тұтатын шығар. Мұны уақыт көрсетеді.

Данияр ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ

Алматы облысы