КҮЛЛІ ӘЛЕМНІҢ НАЗАРЫ ТОКИОДА: КІМНЕН ҮМІТ КҮТЕМІЗ? КІМ АЛТЫН ӘКЕЛЕДІ?

Уақыты: 23.07.2021
Оқылды: 1150

Күллі әлемнің назары Токиоға ауды. Төрт жылдықтың басты додасы жазғы Олимпиада ойындары басталды. Көптен күткен ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына Қазақ елінен 96 спортшы аттанды. Доданың 27 түрінен сынға түсетін сайыпқырандардың арасында жетісулық спортшылар да бар. Бүгінгі күнде он саңлаққа үміт артып отырмыз. Он бірінші Иван Ивановтың не себепті қатыспай қалғаны жұмбақ. Сонымен әлемнің 11090 спортшысына құшақ ашқан Токио қандай сиқырымен баурайтыны белгісіз, дегенмен, сынға түсетін спортшылардың осалы жоқ. Әйтсе де қазақ жерінен аттанған мықтыларымыз қоржынды бос әкелмейміз деген сенімде.

Осы орайда үлкен дуға түсетін спортшыларымыздың алғашқы қарсыластары анықталды. Ең бірінші ауыр атлетиканы сөз етейік. Естеріңізде болар, Лондон Олимпиадасында бір қап алтын әкелген осы спорт түрі болатын. Сол уақытта әлем Қазақ даласына назар аударып, біздің толағайларға қызыға да, қызғана да қараған еді. Өкінішке қарай сол сұқтанған көз өтіп кетті ме, чемпион атанған төрт толағай допинг дауына ілігіп, алған алтындарын қайтарған еді. Енді, міне, Токиодағы дүбірлі додаға небәрі екі зілтемірші қатысуға құқылы. Ерлер арасында үштөбелік Игорь Сон (61 кг), әйелдер арасында Зүлфия Чиншанло (55 кг) қатысады. Осы екі үмітіміздің қарсыластарына аз-кем тоқталайық.

Алдымен Зүлфияның қарсыласын сараптайық. Биыл Зүлфияға оңай соқпайтыны анық. Кезінде Лондонда 229 келі салмақты бағындырып, рекорд орнатқан болатын. Осы жолы сол жетістігін жаңарта ала ма?! Ол бізге беймәлім, ел чемпионатында ондай қауқарлығын көрмедік. Бірақ Зүлфияның бар күшін құпия ұстайтын кезі көп. Байрақты бәсекеде атойлап шабатынын көргенбіз, бұл жолы да сондай жүрісінен жаңылмаса деген тілек басым. Олай болса, жетісулық шынашақтай қыздан жүлде күтуге болады.

Оған Ляо Цююнь (Қытай) нақты қарсылас болмақ. Ол 2019 жылы әлем чемпионы атағына қол жеткізген. Көрсеткіші де жаман емес – 227 кг. Одан кейін сыралғы қарсыласы филипиндік Хидилин Диас бар. Рио Олимпиадасында күміс, 2019 жылы Паттайяда өткен әлем чемпионатында күміске қол жеткізген. Бұл да оңай беріле салатын спортшы емес. Оңтүстік кореялық Эунжи Хам да жүлдеден дәмелі. Соңғы үздік көрсеткіші 2019 жылы Азия чемпионатында төртінші орыннан көрінген. Жалпы додаға 9 спортшы түседі. Біз ішіндегі ең қауіпті деген зілтеміршілерді ғана көрсеттік.

Ал ерлер арасында Игорь Сон 61 келіде ел сенімін ақтайды. Игорьдің басты қарсыласы индонезиялық Юли Ираван болмақ. Бұл жігітке алтын ауадай қажет. Бұған дейінгі үш Олимпиадаға қатысып, Бейжің мен Лондонда қола алса, Риода күміске қол созған еді. Ал бұл жолы алтын алмай кетпеймін деп отыр. Әлем чемпионатында алты мәрте қатысып, бесеуінде жүлдегер атанса, бір мәрте чемпиондыққа қол жеткізген. 2019 жылы Паттайяда өткен әлем чемпионатында қос сайыстың нәтижесі бойынша 306 келіні басынан асырған болатын. Ендеше, бұл жігіт алтынсыз қайтпайтын түрі бар. Одан кейін қытайлық Фабинь Ли бар. Ли соңғы әлем чемпионатында 318 келіні басынан асырып, чемпион деген атақты уысына түсірген болатын. Сол кезде біздің Игорь 218 келімен күміске қол жеткізген еді. Енді осы жолы есе қайтаратын кез туған секілді. Вьетнамдық Ким Туан Тач та Олимпиадаға кездейсоқ барған жоқ. 2017 жылы 56 келі салмақта әлемнің алтынын алған. Ерлер арасында Игорьға қарсы сегіз толағай тайталасады. Ең мықты деген екі спортшыны бөліп-жарып айттым. Ол Индонезия мен Қытай саңлағы. Біздің де үкілеген үміттеріміз жерге қаратпайды деп сенеміз.

Ал енді былғары қолғап шеберлерінің қарсыластарын атап өтейік. Біздің боксшылар алғашқы кездесулерін мынадай қарсыластармен жұдырық түйістіреді:

52 келі Сәкен Бибосынов – Янкиель Ривера (Пуэрто Рико), 57 келі Серік Теміржанов – Роланд Галос (Венгрия), 63 келі Зәкір Сафиуллин – Леодан Пезо (Перу), 69 келі Абылайхан Жүсіпов – қарсыласы әлі белгісіз. 75 келі Әбілхан Аманқұл – қарсыласы кейін анықталады. 81 келі Бекзад Нұрдәулетов – қарсыласы  анықталмаған. 91 келі Василий Левит – Эммануель Рейес (Испания), +91 келі Қамшыбек Қоңқабаев – Есри Рез Мұстафа (Египет) +75 келі Надежда Рябец – Тамара Тибелт (Канада).

Дзюдошыларымыздың да қарсыласы анықталды Әйелдер: 48 келі Рио Олимпиадасының жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэгтің бірінші айналымдағы қарсыласы – қытайлық Ли Янянь. Ерлер: 60 келі Елдос Сметов Олимпиада ойындарын екінші айналымнан бастайды. Сметовтің қарсыласы – М. Аққұс (Түркия)/Намгел Нгаванг (Бутан) жұбының жеңімпазы болмақ. 66 келі Ерлан Серікжановтың Токио татамиіндегі алғашқы қарсыласы – әзірбайжандық Орхан Сафаров. 73 келі Жансай Смағұлов Олимпиададағы алғашқы кезеңде армениялық Фердинанд Карапетянмен кездеседі. 81 келі Дидар Хамза Токио ойындарындағы бірінші белдесуде моңғолиялық Саид Моллаимен жолығады. 90 келі Ислам Бозбаев Олимпиада ойындарындағы алғашқы айналымда бразилиялық Рафаель Маседомен белдеседі.

ТҮЙІН: Токиоға аттанған ұл-қыздарымыздың жолына жеңіспен қарайтынымыз анық. Десе де, биылғы Олимпиада ойындары бұрынғыдан өзгеше. Тек қазақстандық спортшылар үшін емес, күллі әлем елдері үшін де. Өйткені пандемия дүбірлі додаға кесірін тигізіп, Олимпиада алдындағы бірқатар ірі додалар өтпей қалды. Спортшыларымыз да жаттығуға көп уақыты болды дегенмен, қарсыластың қарымын байқауға мүмкіндік жетпеді. Бір-бірін толық зерттеп үлгермеді десек те болады. Қалай болғанда десек те Қазақ спортшыларына қолдау білдірейік!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ