ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНА ЯДРО ЛАҚТЫРУШЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАРМАЙ ҚАЛДЫ

Уақыты: 25.07.2021
Оқылды: 959

Жапонияның бас шаһары Токиода өтетін олимпиада ойындарына облыс спортшылары негізінен 11 жолдама жеңіп алған еді. Өкінішке қарай, санаулы күндер қалғанда ядро лақтырудан еліміздің бас спортшысы Иван Иванов халықаралық жеңіл атлетика федерациясының шешімімен додадан құр қалды.

Шыны керек, Бішкекте өткен Олимпиада чемпионы Т.Колпакова атындағы турнирде Иван Иванов ядроны 21,11 метрге лақтырып, үш қарғып секіруден Ирина Эктова 14,34 метр нәтижесін көрсетіп, екі жолдама жеңіп алды дегенде елдің қуанышында шек болмады. Тіпті, жайдарман жаңалықты алғашқы болып әлеуметтік желіде бөліскен Иванның бапкері Дмитрий Карпов: «Біз енді Олимпиада ойындарына қарқынды дайындаламыз», – деген еді.

Сайысқа бір апта қалғанда қуанышымыз су сепкендей басылды. Себебі, төрткүл дүние көз тіккен дүрмекті додада жеңістің желкенін көтереміз деген бапкер мен спортшының арманы орындалмады. Біздің батыр ауылда қалып, онымен бірге лицензияны жеңіп алған Ирина Эктова Токиоға жол тартты. 

Иванов Токио төріндегі додаға неге бармады? Бұл мәселе бойынша спортшының өзі басшылықтан сондай шешім шықты деуден басқа ештеңе айта алмады. Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы мен Олимпиада комитеті қаншама жыл тер төгіп, дайындалған спортшының еңбегін еш кетіргені қынжылтады. 

Тілі басқа болса да, жүрегі бір ел үшін еңсесі биік спортшы талай жарыста олжа салды емес пе?! 14 жасынан жеңіл атлетикамен айналысқан Иван 2017 жылы Үндістанда өткен Азия біріншілігінде қола, Ашхабадтағы жабық ғимараттағы Азия ойындарында алтынан алқа тақты. 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарының қола жүлдесін қанжығалады. 2019 жылы ядроны 20,95 метрге лақтырып, Қазақстанның рекордын жаңартты. Сол жылы Дохада өткен Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанды.

Өкініштісі, спортшының Рио олимпиадасында бағы жанбады. Жарыс басталар алдында бапкер ауыстырғаннан ба, Бразилияда өз көрсеткішін қайталай алмады. Кіші топты 17-орынмен аяқтап, 17,38 метр нәтиже көрсетті (34 қатысушының ішінен жалпы 33-орын). Кім біледі, біздің саңлақ Риодағы кеткен есені қайтарып, Токио төрінде де топ жарар ма еді?! 

Қасиетті қазақ жерінде шар болаттай шыңдалған шоқтығы биік саңлақ сәтін салса келесі Олимпиадада олжа саламын деп отыр. Өз басынан ел абыройын жоғары қоятын рухты ұл әлі талай додада Байрағымызды көкте көтеретініне нық сенімдіміз.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы