ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНАН АЛҒАШҚЫ МЕДАЛЬ: ЖАРАЙСЫҢ, ЕЛДОС!

Уақыты: 24.07.2021
Оқылды: 1224

Сүйінші! Ақсарбас! Қуан, қазақ! Жапонияның бас шаһары Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарының алғашқы күнінде-ақ қоржынымыз медальмен толықты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Токио Олимпиадасында қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов 60 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері екінші айналымда Михраш Аккуштан басым түссе, ширек финалда оңтүстік кореялық Ким Вон Джинді атынан аударып тастады.

Жартылай финалда Елдос жарыс қожайыны, үш дүркін әлем чемпионы, Рио ойындарының қола жүлдегері Наохиса Такатомен кездесті. Өкінішке қарай, 11 минутқа созылған финалға бергісіз тартысты белдесу жапондық балуанның пайдасына шешілді.  Негізгі уақыт тең аяқталғанымен голденскорда (қосымша уақыт) Такато әбжіл әдіс жасап, ұпай алып кетті. Ал қола жүлде үшін болған белдесуде біздің дзюдошы голландиялық балуанды жеңіп, тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.

Өкінішке қарай, 2016 жылы Рио Олимпиадасында әйелдер арасында 48 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдені қанжығалаған Галбадрах Огтонцэцэгтің Токио төрінде жолы болмады. Ол бірінші айналымда Қытай спортшысы Ли Яньяньнан жеңіліп қалды.

Айдар ҚАЛИЕВ