Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҮШТӨБЕЛІК ЗІЛТЕМІРШІ ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНАН ТАҒЫ БІР МЕДАЛЬ ӘПЕРДІ

Уақыты: 25.07.2021
Оқылды: 822
Бөлім: АЛАМАН

Сүйінші! Үштөбелік Игорь Сон Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Газетіміздің өткен санында осы ауыр атлетикаға кеңінен тоқталған едік. Мақалада (үстінен басыңыз) бақ сынайтын Игорь Сонның басты қарсыластарына аз-кем сараптама жасап, басты үміткер деген екі спортшының астын сызып көрсетіп едік.

Міне, сол екі мықты алғашқы екі жүлдені өзара бөлісіп, қола жүлде біздің жерлесімізге бұйырды. Сонымен, Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржыны кезекті медальмен толықты. Зілтемірші Игорь Сон Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Игорь жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. Осы орайда, төрешілер Игорь Сонның екі мүмкіндігін есепке алған жоқ. Қоссайыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 294 келіні көтерді.

Алтын жүлдені қытайлық Ли Фабин (313 келі), күмісті индонезиялық Эко Юли Иреван (302 келі) иеленді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ