"БІЗДІҢ ҚАНАТЫМЫЗ БАР!" ТОКИОДА ТАҒЫ БІР ЖАРЫСТЫҢ АЛАУЫ ТҰТАНДЫ

Уақыты: 26.08.2021
Оқылды: 990

Күні кеше ғана Токио Олимпиадасынан оралған спортшыларымыз жаттығуды қайта бастап үлгергенше мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиада ойындарының алауы қайта тұтанды. Төрткүл дүниенің назарын өзіне аударған паралимпиада ойындарына еліміздің спортшылары да қатысып, өз өнерлерін көрсетуге кірісті.

Сейсенбі кешкісін Токиода жазғы паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты болды. Спортшылар шеруіне 5 мыңнан аса атлет қатысты. Ашылу салтанаты  «Біздің қанатымыз бар» ұранымен өтті. Шеру басталмас бұрын жапондықтар көрген жұрттың таңдайын қақтыратын түрлі сахналық қойылым қойып, жаңа технологияның көмегімен шоу көрсетті. Өнер майталмандары әннен шашу шашты. Арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да өнерлерін паш етті. Жалпы паралимпиада ойындарына Қазақ-станнан 25 атлет қатысады. Олар спорттың жеті түрінен бақ сынайды. Бұған дейінгі паралимпиадалық ойынға Қазақстан құрамасынан мұндай көп мөлшерде спортшы қатыспаған болатын. Токио паралимпиада ойындарында біздің спортшылар үздік өнер көрсетеміз деген сенімде. Біздің спортшылар суға жүзу, парадзюдо, пауэрлифтинг, таэквондо, жеңіл атлетика, байдаркамен ескек есу  және нысана көздеуден жарысқа түседі.

Сонымен, Қазақстанның Туын паратаеквондодан екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы Нұрлан Домбаев пен 2016 жылғы жазғы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері жетісулық Раушан Қойшыбаева алып шықты. Екі спортшымыз ұлттық нақыштағы киіммен шеруден өтіп, ұлтымыздың сән-салтанатын әлем алдында паш етті.

Қазақстан паралимпиадашылары Риода рекорд жаңартқан болатын. Оған дейін дүниежүзінің басын қосқан мұндай бәсекеден ешкім жүлдеге қол жеткізіп көрмеген. Алғаш болып суға жүзуден Зүлфия Ғабидуллина алтыннан алқа тағынса, жетісулық пауэрлифтинг шебері Раушан Қойшыбаева күмісті еншілеген еді. Бразилияда қол жеткізген жетістіктерін Токио жазғы паралимпиада ойындарында қайталай ала ма деген сұрақ туындайды. Дегенмен Қазақстан құрамасы жақсы дайындықпен аттанды. Алматы облысынан үш спортшы дүбірлі додада бақ сынайды. 

Олар – парапауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева, Рахмеджан Хамаев, Гүлбану Абдыхалықова. Жерлес­терімізге сәттілік тілейік!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы