АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖЕТІСУЛЫҚ ВОЛЕЙБОЛШЫ ҚЫЗДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 26.08.2021
Оқылды: 1108

Алматы облыстық әкімдігінде әуедоп шеберлерімен кездесу өтті. Тамыздың тамылжыған уақытын ырысқа одан ары толтырғандай, күрең тартқан күздің сары алтыны бүгін келгендей әдемі әсерде қалдық. Бірінен-бірі өткен сұлу арулар, мойындарына алтын медаль таққан бойжеткендер әкімдік ғимаратын нұрға бөлеп жіберді. Мен әңгіме етіп отырған хор қызындай сыңғырлаған сұлулар - біздің Алматы облысының «Жетісу», «Жетісу-2» волейбол командасының нәзік жандары.

Сонымен, мәжіліс залына жиналған волейболшы қыздарды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қабылдап, арнайы кездесу өткізді. Жаңа маусымның алдында «Жетісу» командасының толық құрамымен таныспас бұрын аймақ басшысы жуырда ғана Өзбекстан мемлекеті, Ферғана қаласында волейболдан Орта Азия елдері арасында өткен чемпионатта жеңіске жеткен «Жетісу-2» волейболшыларын құттықтады.

Жетісулық волейболшылар Өзбекстан мемлекетінен абыройлы оралды. Олар Қырғызстан мен Тәжікстан волейболшыларын ойсырата ұтып, финалда жарыс қожайындары - Өзбекстан командасын жеңді. Осылайша, «Жетісу-2» командасы Орталық Азия елдері арасында өткен чемпионаттың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, чемпионатта біздің Мария Трухина сапалы ойыншы, Зарина Мубаракзянова үздік ойыншы, Таңнұры Данабек үздік тосқауыл қоюшы номинациясына қол жеткізді.

Міне, осындай жан алысқан ойындарына риза болған Амандық Ғаббасұлы спортшыларға ыстық ілтипатын білдірді.

- Бүгін мойындарыңдағы жарқырап тұрған алтын медаль алдағы үлкен бәсекелердің жеңіс баспалдағы. Бұл жеңістерің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына үлкен тарту болды. Сонымен қатар, жаңа маусымды жеңіспен бастадыңдар, жеңіс жолы жалғаса берсін. Сіздер біздің болашақ чемпионымызсыңдар. Барлығың да осы Жетісу жерінің тумасысыздар. Дәл қазіргі жеңістерің бүгінге дейінгі істеген жұмыстың нәтижесі. Жиырма жыл бұрын құрылған «Жетісу» волейол командасы сегіз мәрте ел чемпионы, клубтық Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған үздік команда. Міне, команданың негізгі міндеті тек қана чемпион болу емес, соңынан ізбасар, жас волейболшыларды тәрбиелеу. Бүгін соның нақты жемісін көріп отырмыз. Сондықтан, осындай жеңісті жолдарың көп болып, Жетісу жерінің намысын қорғай берулеріңе тілектеспін, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін Амандық Ғаббасұлы «Жетісу» командасының жаңа құрамымен танысты. Ортаға команданың бас жаттықтырушысы Елена Павлова шығып, ең алдымен волейбол командасына қолдау білдірген Алматы және Алматы облысы волейбол федерациясының президенті, облыс әкімі Амандық Баталовқа ризашылығын білдірді.

- Дәл қазіргі уақытта «Жетісу» волейбол командасының жаңа құрамы елу пайызға жаңартылды. Бірқатар жаңа ойыншыны команда сапына қостық. Команданың негізгі міндеті жергілікті жердің ойыншыларына мүмкіндік беру. Сол себепті біз құрамаға жетісулық жас ойыншыларды алдық және сырттан да шақырдық, - деп атап өтті бас жаттықтырушы. - Мұнымен қоса команда жаңа маусымға толықтай дайын. Жуырда Беларусь еліне барып, жаңа құрамды тексеріп қайттық. Мүмкіндігімізді толық байқап, кемшіліктерімізді де айқындадық. Қазір сол кемшіліктерді түзету жұмыстарымен шұғылданып жатырмыз.

Өз кезегінде аймақ басшысы бас жаттықтырушыға нақты тапсырма жүктеді.

- Біздің «Жетісу» волейбол командасы бүгін құрылған команда емес. Оның тарихи жолы көз алдымызда сайрап жатыр. Сегіз дүркін ел чемпионы болу деген оңайлықпен келмейді. Сондықтан, негізгі міндет үлкен белестерді бағындыру. Өткен жылғы команда да жаман өнер көрсеткен жоқ. Бізде өнер көрсетіп кеткен барлық ойыншылар мен бапкерлерге мен өз ризашылығымды білдіремін. Олардың барлығы нағыз өз ісінің шеберлері. Енді, міне, сондай жауапты міндет сізге де артылып отыр, сенім үдесінен шыға біліңіздер, - деп атап өтті әкім. Сонымен қоса, Амандық Ғаббасұлы бүгінгі бас жаттықтырушы Елена Павлованың да «Жетісу» сапында өнер көрсеткендігін, Қазақстан волейболына өлшеусіз үлес қосып келе жатқандығын, нағыз білікті маман екендігін тілге тиек етті.

Сөзін ары қарай жалғаған Елена Павлова жаңа ойыншыларды жеке-жеке таныстырды. Жаңа құрамда сырттан үш ойыншы келді. Олар - Сенегал, Ресей, Әзербайжан елінен. Қалған ойыншылар жергілікті спортшылар мен Қазақстан клубтарының волейболшылары.

Сонымен, жаңа құрамның тізімі мынадай: Наталья Акилова, Валерия Чумак, Татьяна Никитина, Александра Мещанинова («Қуаныш»), Татьяна Машкова, Әлия Баткульдина, Мария Сырыгина («Қуаныш»), Юлия Якимова, Валерия Шатунова (Ресей), Маме Фату (Сенегал), Анастасия Гурбанова (Әзербайжан), Светлана Парукова («Қуаныш»), Ақерке Шакен, Томирис Сагимбаева, Инна Герман («Алтай»).

Ойыншылармен жеке-жеке танысқан аймақ басшысы олардың бұған дейінгі көрсеткіштеріне де көз жүгіртті. Жақсы нәтижеге қол жеткізулеріне тілектестік білдіріп, сәттілік тіледі.

- Ойыншылардың осалы жоқ, барлығы да ысылған волейболшылар. Оқу-жаттығу жиындарының өтуіне, жарысқа қатысуға толық жағдай жасалады. Ол жағынан еш алаңдаушылық болмасын. Биыл жеті волейболшы әкім гранты бойынша оқуға түсті. Бұл олардың болашағы үшін істеліп отырған игілікті іс. Сіздерге де үлкен қолдау болады, тек жоғары нәтижеге қол жеткізіңіздер, - деді Амандық Ғаббасұлы. - Алдағы Тулада өтетін кубоктык жарыста және Тайландта өтетін Азия чемпионатында жоғары жетістікке жетулеріңе тілектестік білдіремін.

Жиын соңында команда капитаны Светлана Парукова спортшылар атынан алығысын білдіріп, ойыншылардың қолтаңбасы қойылған допты сыйға тартса, волейбол клубының басшысы Валерий Беленков спорттық жейдені табыс етті. Салтанатты жиын соңында волейболшылар Амандық Ғаббасұлымен естелік суретке түсті.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы