"КЕЗДЕЙСОҚ ЧЕМПИОН ЕМЕСПІЗ": ВОЛЕЙБОЛШЫ АЙСҰЛУ ҚЫЗБЕН СҰХБАТ

Уақыты: 17.09.2021
Оқылды: 1536

Бүгінде Жетісудың волейболы ел ішінде ғана емес, Азия құрлығында да бедел мен абыройға ие. Талай жарыстан үздік шыққан команданың бүгінгі ізбасарлары да көңіл қуантатын нәтиже мен жанкүйерлер айызын қандыратын ойын көрсетіп жүр. «Жетісу-2» волейбол клубы 23 жасқа дейінгілер арасында бір ойын жеңілместен ел чемпионы болды. Ал жақында ғана Өзбекстанда өткен Орта Азия елдері чемпионатында жеңіске жетті. Осы аталған клубтың либеросы Айсұлу ЕМБЕРГЕНОВАМЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.

Біздің анықтама: Волейболшы 2002 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласында дүниеге келген. Туған қаласындағы «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясында 5-сыныпқа дейін оқып, одан кейін Талдықорғандағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде білімін жалғастырады. Бүгінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті. Волейболмен 9 жасынан айналысады. Алғашқы бапкері – Елена Холина.

– Волейболды таңдауыңа не себеп болды? Әкең мен анаң бастапқыда қарсы болған жоқ па?

– Әкем осы спорт түрімен әуесқой деңгейде айналысқан. Маған да ұнады. Отбасым да  қолдамаса, қарсы болған жоқ.

– «Жетісуға» қалай қабылдандың?

– Шығыс Қазақстан облысында чемпионат болып, сонда «Жетісу» да келді. Сол кездегі «Жетісудың» бапкері Бақтияр аға мені өз командасына байланыстырушы есебінде шақырды. Ал Талдықорғанда мені қабылдап алған бапкерім – Екатерина Зарецкая. «Жетісумен» алғашқы жарысым Қызылорадада өтті және біз ол жерде жеңіске жеттік.

– Байланыстырушы демекші, бүгінде өзің либеро позициясында ойнайсың. 2017 жылы Тайландтың Накхон қаласында өткен 17 жасқа дейінгілер арасындағы Оңтүстік-Шығыс Азия чемпионатына ұлттық құрама сапында байланыстырушы болып бардың.

– Қызық болды, басында ұсыныс либеро есебінде түсті. Келістім. Өскеменде бірінші оқу-жаттығу жиынында либеро болып ойнадым. Ал келесі жаттығуда сол кезде құраманы жаттықтырған Шуто Коичи (жапон маманы бүгінде «Алтай-2» командасын жаттықтырады) мені байланыстырушы ампуласына қойып, сынап көрді. Ойындағысын орындаған болуым керек, сол позицияда қалдырды және Тайландтағы жарыста бастан-аяқ байланыстырушы болып ойнап шықтым. Менің бала кезден арманым – байланыстырушы болу. Егер де бойым ұзын болғанда, сол шепте ойнап жүре берер едім (күліп).

– Волейболды таңдағаныңа өкінетін сәттер бола ма? Волейболшы болмағаныңда қандай мамандықты таңдар едің?

– Жоқ, волейболды таңдағаныма өкінген сәт болған емес. Бұл менің сүйікті ісім. Хоббиім. Егер волейболшы болмағанда, мүмкін музыкамен айналысатын едім. Музыка мектебінде фортепианода ойнап, ән айтуды үйренгенмін.

– «Жетісу-2» былтырғы маусымда жалпы 5-турда 35 ойын өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, чемпион болды. Әрине, қиын екені белгілі. Өздеріңе қалай әсер етті?

– Індетке байланысты көптеген өзгерістер болды, соған қарамастан команда жоспарлаған нәтижеге артығымен қол жеткізді. Осының алдындағы чемпиондықтың кездейсоқтық емес екенін дәлелдедік. Екі мәрте қатарынан чемпион болу, ал кейінгісінде жеңілмей триумфта тұру – керемет сезім. Алған әсер ерекше. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

– Жақында Өзбек­станның Ферғана қаласында өткен Орта Азия елдері арасындағы чемпионатта жеңімпаз болдыңдар. Жеңісті Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнадыңдар. Толығырақ айта кетсең.

– Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Командамыз Қазақстанның атынан қатысып чемпиондық кубокты алды. Финалда Өзбек-­стан құрамасын жеңдік. Тұғырда чемпион болып, көк туды желбіретіп, әнұранды ойнату – кез келген спортшының басты арманы. Біз өз кезегімізде жақсы ойын көрсеттік.

– Азия елдерінде көп болдың. Қай елдің мәдениеті, дәстүрі ерекше ұнады?

– Маған кейінгі барған Өзбекстандағы ежелгі сәулет ескерткіштері ерекше әсер етті. Оның үстіне адамдардың еңбеккерлігі ұнады, дәстүрі және ұлттық тағамдары да көңілден шықты. Ташкент қаласының тазалығына да таңғалдым. Өте қонақжай.

– Биыл Талдықорғанның екі командасы «Жетісу» да, «Жетісу-2» де Ұлттық лигада ойнайды. Ол туралы не айтасың?

– Бізге осындай мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға, команда басшылығына алғысымды білдіремін. Бұл бізге артылған сенім, бізге берілген мүмкіндік. Кез келген еліміздегі волейболшының мақсаты – Ұлттық лигада ойнау. Ал карьерасын енді бастаған біздей жастарға үлкен тәжірибе болмақ.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан - Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы