ТАЛДЫҚОРҒАНДЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СПОРТТЫҢ АСТАНАСЫ ДЕП ТЕ АТАЙДЫ

Уақыты: 18.09.2021
Оқылды: 1003

Жиырма жыл ішінде қаламыз үлкен жетістіктерге жетті. Әр салада өзіндік орнын қалыптастырған еліміздің алдыңғы қатардағы шаһарына айналды. Өзім қызмет етіп жүрген спорт саласын алып қарайықшы, бүгінде Талдықорғанда Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары өте көп.

Осы тұста айта кету керек, облыс болып бөлініп шыққаннан кейін спортқа деген көңіл ерекше болды. Бүгінде соның жемісін көріп жатырмыз. Еліміздің әр қиырындағы достарымыз Талдықорғанды «Қазақстандағы спорттың астанасы» деп те жатады. Ол – еңбектің жемісі, істеген жұмыстардың нәтижесі. Өзім осы қалада өстім, ер жеттім, жастық шағым өтті. Қаланың даму жолы көз алдымда. Талдықорғандағы №12 орта мектепті, одан Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқыдым.

Бұрынғы қала өмірі – тарих, бүгінгісі – ертегі. Олай дейтінім бала кезімде жарықтың болмауы, автобустардың сирек жүруі сияқты жағдайлар қалыпты болатын. Бүгінде сол бір кезеңдерден жұрнақ та қалмаған. Қаламыз даму үстінде. Спорт нысандарының барлығы ретімен бой көтеріп, қала тұрғындарының игілігіне беріліп келеді. Келешекте Олимпиада чемпиондарының қаласы болатындығына кәміл сенемін.

Шет мемлекетке шығайын, басқа қалаларға барайын, Талдықорғанды сағынып тұрамын. Маған жайлылық осы қалада. Осы жерде өзімді еркін, бақытты сезінемін. Бейсен Құранбек ағамыз еліміздегі қалалардың рейтингісін түзгенде табиғаты, экономикасы, спорты жағынан Талдықорғанның бірінші орынды алуы тегін емес. Бұл қалада ғимараттар бір-біріне жақын орналасқан, уақытты үнемді, жоспарлы пайдалануға болады және тұрғындардың бір-біріне деген құрметі ерекше. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете сыпайы, мәдениетті сөйлеу, қарым-қатынас орнату жағынан да айрықша. Маған бұл қала ыстық.

Келешекте Талдықорғанның аумағы кеңіп, үлкен мегаполиске айналатындығына сеніммен қараймын. Бүгінде қаладағы тұрғын үйдің көптеп салынуы, спорт кешендерінің бой көтеруі, демалатын саябақтардың ерекше жасалуы сияқты жағдайлар осы іске бағытталған негізгі жоба деп білемін. Қаламыз жылдан-жылға көркейіп келеді.

Осыған дейін өң түгілі түсімізге кірмеген Олимпиадалық стандартқа сай бассейннің бой көтеруі – болашақта су спорты түрлерінен өз қаламыздан чемпиондар шығаруға жол ашады. Бізге берілген осындай мүмкіндікті оңынан пайдалануымыз керек. Оның үстіне облысымызда спортшыларға деген қолдау да ерекше. Дәл осындай жағдай барда іні-қарындастарымыз еңбектеніп, аламандарда қара үзіп шығу керек.  Өзім 6 жасымнан бастап спортты серік еттім және нәтиже үшін барымды салдым. Осыған дейінгі білгенімді, түйгенімді балаларға үйретуден жалыққан емеспін.

Талдықорғанның облыс орталығы болғанына 20 жыл толуына орай барша қала тұрғындарын мерекемен құттықтаймын.

Мерей СҮЙІНОВ,

Талдықорған орталық бассейнінің директоры