ЖӘМИЛӘ КҮМІС ЕНШІЛЕДІ

Уақыты: 13.10.2021
Оқылды: 1316

Өткен жұма күні таңғы сағат бесте жетісулық балуан қыз Жәмилә Бақбергенова мінген ұшақ Алматы әуежайына қонды. Жеңімпазды жанкүйерлері, әріптестері және туған-туыстары құшақ жая қарсы алды. 


Естеріңізге сала кетейік, 2-10 қазан аралығында Норвегияның Осло қаласында еркін күрестен әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан әйелдер командасының құрамында өнер көрсеткен Жәмилә Бақбергенова күміс медальға қол жеткізген еді.

72  келі  салмақ дәрежесінде күрескен балуан қыз ақтық  сынға дейін  қарсыластарын шақ келтірмеді. Жартылай  финалда түрік балуанын ұтты. Сөйтіп алтынға деген үміті алға жетеледі. Бірақ финалда жапониялық балуан Масако Фуруитиге есе жіберді. Жәмилә бұған дейін жапон қызымен үш рет кездескен. Тіпті соның бірінде оның жауырынын жерге тигізген. 

Енді, міне, төртінші рет бозкілемде айқасты. Алайда спорттың аты – спорт. Жеңіс күншығыс елінен келген Масаконың еншісінде кетті. Әрине, әлем чемпионатында күміс алу да оңай емес. Бұл талай тыңғылықты дайындықтың арқасындағы нәтиже. 

– Әлемдік додада топ жарып, ел мерейін өсіріп, күмісті иеленген жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз. Бүкіл ел болып қуанып жатырмыз. Бүгін, міне, өзіңді арнайы күтіп алуға облыстық спорт мектептерінен әріптестерің келді. Алдағы болатын Олимпиадада  көш бастайтыныңа сенеміз және тілектеспіз, – деді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.

Жәмилә Бақбергенова Жамбыл ауданының түлегі.  14 жасынан бастап еркін күреспен айналысқан. Осы күнге дейін жеткен жетістіктері аз емес. 2019 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған. Ал 2020 жылы Үндістанда өткен жарыста алтынға қол жеткізіп, Азия чемпионы болды. 

– Жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Әуежайдан күтіп алып, қошемет көрсетіп жатырсыздар. Әрине, алтынды армандамайтын спортшы жоқ. Мен де барынша тырыстым. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Ендігі жоспарым, олимпиадалық салмаққа ауысып, алда болатын байрақты бәсекеге дайындалу,  – дейді әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жәмилә Бақбергенова.

Ослода өткен жарыста Қазақстан әйелдер командасы сегіз салмақ бойынша сынға түскен. Солардың ішінде жеңіс тұғырынан тек жетісулық Жәмилә қыз көрінді. Жиналған көпшілік чемпионын ортаға алып, әуежайдан алыстай берді. Біз оларға қызыға қарадық. Спортшының әлі талай асуларды бағындыратынына сеніміміз кәміл.

Болат МӘЖИТ