Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

САРЫӨЗЕКТІҢ ӨРТ СӨНДІРУШІСІ ӨЗБЕКСТАННАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 14.10.2021
Оқылды: 383
Бөлім: АЛАМАН

Сарыөзектің төтенше жағдай қызметкері ерлер арасында өткен жекпе-жектен ҚР Кубогінің жеңімпазы атанды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Өрт сөндіруші мамандығы жақсы дене дайындығын, мықты жүйкені, шыдамдылықты, қорқынышты жеңе білуді талап етеді. Бұл мамандықты мінезі, ерік-жігері, рухы мықты адамдар таңдайды. Өрт сөндірушілер өз өмірлерін қатерге тігіп, өзгелерді аман алып қалады және бұл олардың бұлжымас міндеті саналады. Өрт сөндірушілер оқиға орнындағы әрбір кішкентай бөлшекке назар аударуы керек, құтқару операциясының сәттілігі осыған тікелей байланысты. Спортта да шыдамдылық, ерік-жігер, батылдық пен жауынгерлік рух қажет.

Алматы облысы төтенше жағдай қызметкерлерінің бірі, өмірін құтқаруға арнаған, спортты да қос қанатындай қатар алып жүретін Санжар Жақсылықбаев жайлы көп нәрсе айтуға болады. Санжар 2017 жылдан бастап Алматы облысы ТЖД "ӨС және АҚЖҚ" ММ Сарыөзек кентінің №19 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Ол - джиу-джитсудан спорт шебері, ҚР 2 дүркін чемпионы, ММА аралас жекпе-жектен спорт шебері, панкратионнан спорт шебері, бірнеше халықаралық жарыстарда жүлделі орындардың иегері.

Санжарға осындай биікке көтерілу оңай болған жоқ. Жеңілістің кермек дәмін татқан сәттер, жарақат алған сындарлы кезеңдер болды. Өрт сөндірушілерді тәрбиелейтін ерлік, батырлық, қайсарлық, патриотизм және жауынгерлік рух сияқты қасиеттер Санжардың спорта биіктерге жетуіне көп көмектесті.

- Маған адамдарды қиындықтан құтқару, оларға көмектесу өте ұнайды. Менің ойымша, спорт біздің жұмысымызға үлкен демеу, - дейді Санжар.

Санжар 1993 жылы Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылында дүниеге келген. Санжар мектепті бітіргеннен кейін Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2019 жылы "Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау" мамандығы бойынша білім алды. Болашақта Санжар азаматтық қорғау органдарының офицері болуды жоспарлап отыр.

​Санжардың жетістіктерінің бірі 2021 жылғы 17-20 маусым аралығында Ақтөбе қаласында өткен ерлер арасындағы жекпе-жектен Қазақстан Республикасы Кубогін ұтып алғаны. Ол 85 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ұйымдастырған жарыстың жеңімпазы атанды.

Жуырда Өзбекстан мемлекетінің Нөкіс қаласында өткен ММА аралас жекпе-жектен Азия чемпионатының 83.9 кг салмақ дәрежесінде қола медальға ие болды.

Жүлдегер спортшыны кезекті жеңісімен құттықтаймыз!

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"