ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ТӨРТ МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕН ДЕГЕН СПОРТШЫЛАРЫ ЖИНАЛДЫ

Уақыты: 16.10.2021
Оқылды: 1324

Талдықорғандағы «Өркен» спорт кешенінде жастар арасында «Жетісу кубогы» атты XVIII халық­аралық турнир жалауын желбіретті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген былғары қолғап шеберлерінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытайдан 200-ге жуық спортшы қатысады.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз алып: «Облысымызда бокс спорты жылдан-жылға қарыштап дамып келеді. Оның басты себебі аймақ басшысы Амандық Баталовтың қолдау білдіруі, жыл сайын ауыл, қалаларға спорт нысандарынының салынуы. Бүгін әр елдің мықтылары жиналған үлкен, маңызды жарыс. Сондықтан дүбірлі дода тартысқа толы болатынына сенімдімін», – дей келе спортшыларға ізгі тілегін білдірді. 

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы төрешілер алқасының төрағасы, халық­аралық дәрежедегі төреші Ермек Сүйінішұлы ақжарма тілегін ақтарды. Келесі кезекте жарыстың бас төрешісі спортшыларға сайыс ережесін түсіндіріп, жеңіс тіледі.

Дода басталып кетті. 13 салмақ бойынша боксшылар шаршы алаңға шығып, шеберліктерін көрсетті. Сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген былғары қолғап шеберлері алғашқы раундтан-ақ қарша боратқан соққыларымен танылып, жиналған жұрттың делебесін қоздырды. Бұл  шаршы алаңда бір-біріне дес бермеген жасөспірімдердің, жеңіске деген мұқалмас жігерінің арқасы. Соққылары жойқын, техникалары жетік спортшылардың әрқайсысы да чемпион болуға лайық. 

Айта кетейік, Жетісу жерін дүбірге бөлеген дода төрт күнге жалғасады. Ақтық бәсекелер 19 қазан күні өтеді.

Айдар НАЗАРҰЛЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды