НОРВЕГИЯДАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛҒАН ҚЫЗҒА 1,5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 31.10.2021
Оқылды: 1091

«Жастар» спорт сарайында Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваны еске алуға арналған ерлер мен әйелдер арасында еркін күрестен республикалық турнир өтті. Додаға әр өңірден іріктеліп келген 250-ден астам спортшы қатысты.

Мемлекет және қоғам қайраткерін еске алуға арналған жарыстың ашылу салтанатында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев:

– Социалистік Еңбек Ері атындағы турнир облысымызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл – маңызды жарыс. Себебі, татами төрінде мықтылығын дәлелдеген балуанға «спорт шебері» атағы беріледі. Мықтылар жеңіске жетсін, – деп балуандарға сәттілік тіледі. Осыдан кейін Нұрбақыт Молдахметұлы Норвегияда өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Жәмилә Бақбергенованы жеңісімен құттықтап, 1,5 млн.теңгенің сертификатын табыстады. Ал жеке жаттықтырушысы Қайрат Сағадиевке 500 мың теңгенің сертификаты берілді.

Өз кезегінде Жәмилә Бақбергенова: «Ең бірінші «спорт шебері» атағын Зылиха Тамшыбаева апамыздың турнирінде алған едім. Ақтық сында өзбек балуанын ұттым. Бұл турнир жастарды шыңдайды. Қазір Азия ойындарына дайындалып жүрмін. Қолдау көрсетіп жатқан облыс әкімі мен спорт басқармасының басшысына үлкен алғыс білдіремін, – деді.

Әлем, Азия біріншілігі жүлдегерлерінің басын қосқан турнир облысымызда осымен 9-рет ұйымдастырылып отыр. Дода тартысты басталды. Балуандар жеңістің желкенін көтеру үшін татами төрінде барын салып күресті. Сайыс үш күнге созылды.  

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы