ЖАСТАРДАН ҚҰРАЛҒАН "ЕРКІН" КОМАНДАСЫ ЖЕҢІЛУДІҢ НЕ ЕКЕНІН БІЛМЕЙДІ

Уақыты: 06.11.2021
Оқылды: 966

Бүгінде шағын футбол дамып кетті десе болады. Әсіресе, әуесқойлар арасында шағын футболды кәсіби тұрғыда ойнап, жанкүйердің делебесін қоздыратын командалар жетерлік.

Дәл осындай мықты команданың бірі – Еркін ауылының командасы. «Еркін» командасы кілең ауыл жастарынан құралған. Олар талай бәсекеге қатысып, жеңістің туын желбіретіп жүр. Өткен жылы қала біріншілігінде тамаша өнер көрсетті. Биыл әуесқойлар арасындағы чемпионатта доп теуіп, үздік ойындарымен көзге түсті. Чемпионаттың алғашқы күнінен бастап соңғы кезге дейін ұпайдан шашау шығармады. Әр кездесуінде жеңіске жетіп, чемпиондыққа қадымдап жақын отырды.

Соңғы шешуші кезеңде де кескілескен ойын өрнегін көрсетіп, әуесқойлар арасында чемпион атағын жеңіп алды. Команданың үздіктері Алмас Мырзахметов, Санат Мұратов, команда капитаны Нұрлан Ибраев әр ойында доп соқпай қайтпайтын сақа ойыншы атанды.

Бүтін ауыл балаларынан құралған командаға қолдау көрсететіндер де жетерлік. Үнемі салауатты өмір салтын насихаттап, қайырымды іске қол ұшын беріп жүретін қайырымды адамдар жетерлік. Солардың арасында Талдықорған қаласы мәслихатының депутаты Ануар Бөкенов өз тарапынан «Еркін» командасына қолдау білдіріп, қаржылай көмек жасады. Оның сыртында футболға керекті спорттық киімдермен де қамтамасыз етіп, жанкүйерлік танытуды да назардан тыс қалдырмады.

Әр салада өзіндік қолтаңбасын қалдырып, үлкен істің басы-қасында жүретін депутат Ануар Бөкенов спортшы жастарға да қол ұшын созу өзімнің басты парызым деп санайды. Осындай демеуші азаматтардың арқасында қазақ жастары жарқырап, спорттық жарыстан шыңдалып, әлемдік деңгейге өтетіні сөзсіз.

Міне, сондай команданың бірі – Еркін ауылының «Еркін» командасы. Олар әуесқойлар арасында чемпион атанып, енді шағын футбол лигасында өнер көрсетіп жүр. Бүгінде еркіндік аяқдоп шеберлері жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Егер осы бағытынан таймаса бұл біріншіліктің де алтынын уысына түсіретіні анық. 

Әмір САНА

Алматы облысы