ҰЗЫНАҒАШТА "ҚАРА МАЙОРДЫҢ" ҚҰРМЕТІНЕ АТЫСАТЫН АЛАҢ АШЫЛДЫ

Уақыты: 07.11.2021
Оқылды: 1391

Ұзынағаш ауылындағы «Бәйтелі» ресторанының жанынан Ауған соғысының қаһарманы, даңқты жерлесіміз Борис Керімбаев атындағы пейнтбол клубының ашылу салтанаты болып өтті.

Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Жамбыл аудандық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамының төрағасы Бақыт Жақыпбеков бұл спорттық клубтың мақсаты даңқты қолбасшы, Ауған соғысының қаһарманы «Қара майор» Борис Керімбаевты мәңгі есте сақтау және жастарды ерлік пен батырлыққа тәрбиелеу екенін айтып өтті. Сөз арасында осы клубтың ашылуына рухани және қаржылай көмектескен барлық жауынгер қаруластарына алғысын білдірді.

Келесі кезекте Сәт мешітінің имамы, Ауған соғысының ардагері Серикқали Ыбытаев қажы сөз алып, жастар тәрбиесіне атсалысып келе жатқан ардагер жігіттерге табыс тіледі.

Жамбыл аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Айткүл Медеуова, осы шараға арнайы Талдықорғаннан келген Ауған Бауыржан Барлыбаев, республикалық «Көк байрақ» Ауған соғысы ардагерлері бірлестігінің төрағасы Әуез Бейсенбаев Жамбыл ауданында Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымдастыруымен көптеген іс-шаралар атқарылып жатқандығын ризашылықпен айтып өтті.

Шара барысында бірнеше «ауғандық» ардагерге ҰҚК-нің мерекелік медальдары табыс етілді. Қарасай ауданында тұратын Ауған соғысының ардагерлері сый-сияпаттарын табыстаған соң Үмбетәлі ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі, ІІМ ардагері Серік Молдахметов аға ардагерлерге ақ батасын берді.

Спорттық клубтың лентасы ресми қиылған соң барлық жиналғандар пейнтбол алаңына барып, арнайы жабдықталған қарумен соғыс жағдайында атысу, қорғану тәсілдерін өз көздерімен көріп риза болысты.

Аталған клубтың есігі Жамбыл ауданының жастары үшін айқара ашық. Күндіз-түні қолдарынан ұялы телефон түспейтін жастарға бір ауық сол жерге барып ұрыс тәсілдерін үйреніп, ел қорғаны болуға асығыңыздар демекпіз.

Әуелбек ЫСҚАҚОВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды